Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің youtube-тағы ресми арнасында видео жариялады, деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі.
Қазіргі таңда, Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ол 2019 жылдың ақпан айынан тамыз айына дейінгі аралықта мердігермен алдын ала сөз байласып, аса ірі көлемде ақша жымқырған деп күдіктелуде. Мердігерге мемлекеттік сатып алу бойынша келісім аясында сәулет және қала құрылысы саласында одан әрі пайдалануға жарамсыз топографиялық түсірілім үшін қаражат аударған.
Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің баспасөз хабарламасындағы ақпаратта сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы ағымдағы жылдың 9 маусымында ұсталып, Шымкент қаласы бойынша Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған. Іс бойынша тергеу жүргізілуде.