Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына мемлекеттен 4 млрд. теңге қаржы бөлінген. Тұрғын үй құрылысын 1 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отыр, — деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі primeminister.kz-ге сілтеме жасай отырып.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсында жарияланған мәтінге сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қ. Ержан, Е. Бектұрғанов, М. Ерман, З. Балиева, Д. Мыңбай, Ф. Қаратаев, З. Аманжолова, Ш. Өтемісов, А. Перуашев, К. Абсатиров, Е. Барлыбаев, Б. Дүйсембинов, Д. Еспаева, М. Қазбекова, Е. Никитинская, В. Косарев, А. Қоңыровтың 2020 жылғы 6 мамырдағы №ДС-90 Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқыны салдарынан орын алған техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың салдарларына қатысты Үкімет басшысына сауал жолдаған. Тиісінше, Асқар Маминнің депутаттық сауалға қатысты жауабы жарияланды.
«Сіздердің Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқыны салдарынан орын алған техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларына қатысты сауалыңызды қарап, келесіні хабарлаймыз.
Өзбекстан Республикасының аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуына байланысты Түркістан облысы әкімінің биылғы 2 мамырдағы №3 шешімімен жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің биылғы 13 мамырдағы №291 қаулысымен Түркістан облысының әкімдігіне төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға аудару үшін, оның ішінде:
-
Мақтаарал ауданының су астында қалған Достық, Жеңіс, Жаңа Тұрмыс, Өргебас және Фирдоуси елді мекендерінің тұрғындарына өтемақы түрінде келтірілген зиянды (залалды) 100 000 теңгеден өтеу үшін 650 млн теңге;
-
тұрғын үйлерді салу үшін 4 млрд теңге;
-
Мырзакент елді мекеніндегі инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу үшін 3,738 млрд теңге;
-
Өргебас және Фирдоуси елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және қалпына келтіру үшін 562 млн теңге;
-
көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін 1,05 млрд теңге бөлінді.