1-мамырдан бастап Шымкент қаласында бірнеше мекемелер есігін ашты. Олар тұрмыстық техникаларды жөндеу орталығы, аяқ-киімдерді тазалау, қайта жөндеу, көлік жуатын және автосервистер, әсемдік салондар, ақша айырбастайтын нүктелер мен ломбард, көзілдірік сататын орталықтар, мебель цехтары, бау-бақшаға қажетті зат сататын дүкендер. Жұмысын бастағандардың қатарына енді 4-мамырдан бастап тағыда бірнеше мекемелер қосылмақ.
Үшінші мегаполисте екі кезең бойынша іске қосылып жатқан мекемелердің жұмыс уақыты 10:00-ден бастап 18:00-ге дейін. Бірақ, міндетті түрде жергілікті биліктің жүйесіне тіркелуі керек. Мекеменің мекен-жайы бойынша әр ауданның өз почтасына тиісті құжаттарды жібересіз. Мәселен, karantin.abai@mail.ru деген сияқты аудандардың почталары жұмыс істеді. Егер үлгермей немесе қате жіберген болсаңыз онда қайтадан ашылған karantin.abai.shimkent.gov.kz. сияқты әр ауданның өз почталарына тағыда жібересіз. Тіркеу уақыты 3-мамыр күні 14:00-де аяқталады.
Екінші кезеңде іске қосылуға рұқсат алатын 500 шаршы метрге дейінгі дүкендер, фото салондар, тіс емханалары, жеке бөлмесі бар моншалар міндетті түрде сақтық шараларын қатаң сақтауы керек. Әйтпесе, қомақты қаражат мөлшерінде салық салынып, жұмысты тоқтатуға тура келеді.
Қаланың сыртқы шекарасында тұрған блок-бекеттер әзірге ашылмайды. Елімізде карантин уақыты қай күні бітеді, сол кезде ғана блок-бекеттер алынып тасталады. Оған дейін Шымкентке емін-еркін кіріп-шығуға мүмкіндік жоқ. Көпшілікті толғандырып отырған қоғамдық көліктің де қай күні жүретіні белгісіз. Өйткені, сан мың жолаушы мінетін автобустар қауіпті деп отыр жергілікті билік.