Шымкент қаласында 140 мыңға жуық зейнеткер бар. Айдың алғашқы күндері зейнетақы түсе бастайды. Сол сәтте қарттарымыз банкоматтан ақша алуға барып, топырлап кезекте тұратыны белгілі. Осыған байланысты, Шымкент қаласындағы жергілікті билік мәлімдеме жасады. Зейнеткерлер зейнетақысын алу үшін Қазпочтаға қарай барудың қажеті жоқ. Әр тұрғын өз мөлтекаудандарының мекен-жайын айтып, байланыс нөмеріне хабарласса болғаны. «Қазпочта» АҚ өкілдері уақытша тегін жеткізіп береді. Ескерте кетейік, осы сәтке дейін зейнеткердің үйіне тегін жеткізу тек жасы 80-нен асқандар мен мүмкіндігі шектеулілерге ғана болатын. Енді барлық зейнеткерге уақытша тегін жеткізілмек.
Сондай-ақ, Қазақстан Халық банкінен зейнетақы алатындарға да ескерту. Таңертең ерте барып, кезек күтудің қажеті жоқ. Карточкаға түскен зейнетақы сақталып тұрады. Банк карталары арқылы қаржы алу әзірге қауіпті. Сондықтан «Халық банкінің» өкілдері сақ болып, денсаулығыңызды күтіңіз деген кеңес беріп отыр. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Махсұт Исақов, «Казпочта» АҚ Шымкент қаласы филалының директоры Бақытжан Ысқақов, «Қазақстан Халық банкі» Шымкент қаласындағы директордың орынбасары Айжан Досымбекова осылай деп хабарлады.
Айғақ-Ақпарат