Азық-түліктің бағасы не себепті бірден қымбаттап кетті? Тауардың жетіспеушілігі ме, әлде елді дүрліктірген індет кезіндегі саудагерлердің қалтасының қамын ойлағандығы ма? Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар басқарма басшыларымен және «Nur Otan» партиясының мүшелерімен бірге «Жібек жолы» көтерме базарына барып, азық-түліктің бағасын тексерді. Сауда қатарындағы бағалармен танысуға ескертусіз барған қала әкімі азық-түліктің нарқын асыра сатып жатқан саудагерлермен бетпе-бет жүздесті. Олардың айтуынша, өзге облыстардан келетін картоп сәбіз, пияз сынды күнделікті тұтынуға қажетті азық-түліктер бағасы шарықтап тұр.
Ия, қазіргі қысыл-таяң кезде мына тұрған көкөністердің көтерме бағасын естісеңіз жағаңызды ұстайсыз. Яғни, картоптың ең қымбаты 150-160 теңге болса, сәбіз 120 теңгеден саудалануда. Дегенмен, базар ішіндегі бағалар да әр түрлі.
Бүгінде «Жібек жол»ы базарында 200-ге сауда нүктесі бар. Толықтай базардың жағдайымен танысқан мамандар сатушыларға ескерту жұмыстарын жүргізді. Ендігі жерде бұл жұмыстар келер айдың ортасына дейін өз жалғасын табатын болады. Яғни, алдағы уақытта барлық сауда орындарындағы азық-түлік бағаларына тексеру жүргізіліп, қалтасының қамын ойлаған азаматтарға айыппұл салынатын болады.