Баршаңызға белгілі, қазіргі таңда коронавирус жаһандық пандемияға ұласты. Өкінішке қарай аталған індет әлемнің барлық еліне тарап үлгерді. Құрбандардың саны күн санап өсіп барады.
Бұл жағдай экономикалық дағдарысқа ұласып, қаржы нарығына әсер етпей қоймасы анық.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен елімізде төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде түрлі сақтық шаралар жүргізілуде.
Қандай жағдай болмасын, адамзаттың амандығы бірінші орында. Ата Заңымызда айтылғандай мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі.
Соңғы деректер бойынша ауданымызда қатерлі індеттің белгілері байқалған жоқ. Сондықтан, аудан тұрғындарын төтенше жағдай жарияланған кезеңде дүрбелеңге салынбауға шақырамын.
Ел игілігі жолында атқарылған сақтық шараларына түсіністікпен қарап, талаптарды ережеге сай орындап, жеке бастың гигиенасын ұстануды жəне тазалықты сақтауды сұранамын.
Облыс әкімінің тапсырмасына сəйкес, ауданда арнайы комиссия құрылып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Құрметті аудан тұрғындары!
Бұл уақытша дүрбелең. Өздеріңіз білетіндей өткен жылы «Арыс оқиғасын» да ел болып, жұрт болып, абыроймен еңсердік. Тілегі бір халық екенімізді көрсетіп, қалыпқа келтірдік.
Қазақта «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген дана сөз бар. Ауызбіршіліктің арқасында бұл сынақтан да бірге өтеміз.
Береке-бірлігіміздің сыналар сәті, ырыс-ынтымағымыздың ұйысар тұсы. Бірлігі бекем ел екенімізді көрсетейік!
Сайрам ауданының әкімі Ұ.Сәдібеков