Шымкент қаласындағы «Қазақстан темір жолы» ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. ТМД-ның мәдени астанасына орай, мегаполиске келетін қонақтар жаңарған вокзалды көретін болады. Қазір мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы сырғыма баспалдағы салынып, ішкі күту залы жөнделуде, — деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыстың жағдайымен танысып, Леңгір тасжолының бойындағы көпірді де көре кетті. Шымкент қаласындағы бұл темір жол вокзалы 1968 жылы салынған. Осыдан он жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен еді. Ескірген дүниелер жаңарып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай толыққанды жасалмақ.
Әкім Әйтенов бұл күні Леңгір тас жолының бойындағы көпір құрылысында көріп өтті. Қазір Төлеби ауданына қатынайтын көліктер 5 шақырымды айналып жүруге мәжбүр. Өйткені, тіке алып баратын көпір өткен жылдың жаз мезгілінен бері жабық тұр. Қаланың бюджетінен 402 миллион теңге бөлініп, оған ұзындығы 78 метрді құрайтын су жаңа көпір салынуда.
Сәтін салса, бұл көпірдің құрылысы 1-мамыр күні аяқталмақ. Бұл — әсіресе, Шымкент пен Төлеби ауданына қатынайтын жолаушылар үшін қуанышты жаңалық. «Корпорация Береке А» ЖШС жүргізіп жатқан құрылысқа жауапты басшы осылай деп мәлімдеме жасады.
Шымкенттің әкімі осы сапарында азық-түліктің бағасына да көз жүгіртті. Үшінші мегаполисте әкімдікпен келісімге келіп, азық-түліктің 11 түрін арзан бағамен сататын «GraMad» сауда үйі. Жібек жолы көшесінің бойында тұрған бұл сауда үйінде күріш, ұн, нан, макарон, май, қант, картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат төмендетілген бағада. Ол үшін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан бір жылға 800 мың қаржы беріліп жатыр.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы әр нысанның басында өзі пікір білдіріп, түсіндіріп берді. Мәселен, макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорынға барудағы себебі, тіршілігінен хабар алып, бағаны ұстап тұруға үгіттеу екен. 100 адам жұмыспен қамтылған мекемеде макарон мен тәтті піспенан дайындалып жатыр. Түскі сағат 13-00 мен 15-00-дің арасында Шымкент қаласындағы құрылыс, тұрғындар тұратын аймақтың тіршілігі және кәсіпорындарды көріп жүрген Шымкент қаласының әкімі басты мақсат халыққа қызмет ету дейді.