Туристтердің санын арттыру — басты мақсат. Отандық туризм саласын жан-жақты дамытуды және шетелдіктерді қызықтырып жүрген табиғи құндылықтарымызды дәріптеу үшін үлкен жоба қолға алынып отыр. Алдағы уақытта «Tolebitour.kz» сайты арқылы шетелдік қонақтар аудан көлеміндегі туристік нысандарға қатысты толық ақпаратпен танысуға мүмкіндік алмақ. Бұл қаншалықты кәсіпкерлерге тиімді? Сайттың тағы қандай тұсын дамыту керек? Қандай ақпараттар туристер үшін жарияланбақ? Осы және өзге де сауалдардың жауабын білдік.
Төлеби ауданының аумағында 72 туристік нысан бар. Нақтырақ айтсақ, 6 қонақ үй, 2 емдік сауықтыру орны және 48 демалыс аймағы, 15 коттедж аудан қонақтары үшін қызмет көрсетуде. Оған қоса, ауданда 30 –дан аса тарихи-археологиялық орын сақталған. Мемлекеттік бюджетті туристтердің есебінен еселендіру үшін ең алдымен оларға жағдай жасауды мақсат еткен ауданның кәсіпкерлері мен жауапты басқарма басшылары бас қосты. Пікір кеңесте сайттың жұмысымен танысып, функцияларына өзгерістер енгізу керектігі де қаралды.
2019 жылы 36 760 турист ауданымызда демалса, ағымдағы жылы бұл статистика еселенбек. Шетелден келген қонақтарымыз гид орталықтарынсыз-ақ саяхаттауға сайттың қызметі мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, туристерге ғана емес, кәсіп иелерінің бизнесін дамыту үшін де аталмыш сайттың пайдасы мол болмақ. Жиын барысында презентациясы таныстырылған сайтқа тағы да ұсыныстар айтылып, пікірлер ортаға салынды.
Туристтік 72 нысан өздері жайлы қысқаша мәліметтері мен бейне роликтерін сайтқа енгізу керек. 3 тілде қызмет көрсететін сайттың қашан толығымен іске қосылатыны әлі белгісіз. Бұл кәсіпкерлерге байланысты. Көз тартар асқақ тауларымызды, киелі мекендерімізді шетелдіктерге көрсету — біз үшін үлкен мүмкіндік.