Командалық көкпар ойындарынан ересектер арасындағы Түркістан облысының чемпионаты және Төлеби аудандық көкпар федерациясының президенті Зиябек Жеткеровтің жүлдесіне араналған облыстық турнир өтіп жатыр. Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, сонымен бірге балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық спорт мектебі ұйымдастырып отырған турнирге облыс көлемінен 7 команда қатысуда. Айта кету керек даңқты көкпар жанашыры, ҚР- на еңбегі сіңген төреші, Зиябек Жеткеров Төлеби ауданының тумасы. Зиябек ақсақал жастайынан көкпар ойынын жанына серік етіп, отыз жылдан астам уақыттан бері ұлттық спортымызды дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Өзінің ізін басқан інілерді де ат спортына баулып, талай шәкірттерді шыңдаған азамат бүгінде 80 жасқа таяса да, әрдайым көкпар ойындарының белсенді жанкүйері.
Сонымен, бұл күнгі көкпар додасына өңіріміздің 7 ауданынан 7 бірдей білекті спортшылардан құралған командалар қатысса, жарыс шымылдығы Сайрам және Бәйдібек ауданы құрамаларының кездесуімен басталды. Ал, бұл дүбірлі бәсекені ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық іс-шараның басты мақсаты – Зиябек ақсақалдай даңқты спортшыларды дәріптеу, ұлттық спорт түрлерін бұқара арасында кеңінен насихаттау, ел арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды достыққа, париоттық сезімге, мәдениеттілікке тәрбиелеу болып табылады.
Ересектер арасындағы командалық көкпардың шымылдығын түрген Сайрам мен Бәйдібек командалары кездесуінің қорытындысы бойынша Сайрамдық команда қарсыластарын қапы қалдырып, 9-2 есебімен айқын жеңіске жетті.
Қазақта ұлттық спорттың сан алуан түрі бар. Бірақ, арасында көкпардың шоқтығы ерекше биік. Тіпті, еліміздің әр аймағында ат спорты мектебі құрылып, көкпар командалары жасақталған. 1991-1992 жылдары командалық көкпардың алғашқы ережелері жазылып, ойынды белгілі бір тәртіппен, бекітілген жүйемен өткізу қалыптаса бастады.
Зиябек Жеткеровтың жүлдесіне арналған облыстық турнир жеңімпаздары қаржылай жүлделерге ие болады. Яғни бірінші орын алған команда үшін 500 мың тенге тігіліп отырса, 2-3 орын алған командаларға 300 мың және 200 мың теңге көлеміндегі қаржылай жүлделер белгіленіп отыр.
«Айғақ-ақпарат»