Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, Түркістан облыстық маслихатының депутаты Дулат Әбіш ғасыр жасаған әжелерді құттықтады. Бұл жылдың кезекті шуақты күніне аман жеткен 4 отбасының қазыналарын айтулы мерекесінде ақ жаулықты сыйға тартып, ардақты әжелердің ақ батасына кенелдік.
Ордабасы ауданы бойынша, ғасыр жасаған ата-әжелердің саны небәрі 8 ғана. Осы жасқа дейін қоғамдағы түрлі өзгерістермен тұспа-тұс келген жандар бүгінде шөбере-шөпшектерінің қызығын көруде. 4 ұрпақтың куәсі болған әжелерді 8-наурыз мерекесіне орай, халық қалаулысы Дулат Назарбекұлы арнайы құттықтады. Қажымұқан ауылында 1920 жылы дүниеге келген Ақсұлу Есбатырқызы бүгінде 2 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, одан 36 немере мен 61 шөбере көріп отыр. Әлі де бақуатты әжеміз бізге деген ыстық лебізі мен батасын да берді.
Ордабасы ауданына қарасты ауылдарды аралаған біздер ат басын Көктөбе елді мекеніне бұрдық. Қызықты болған жайт, 1 ғасырды еңсерген әженің бүгінде неменесі бар екен. Сонымен қатар, 7 ұл, 3 қызды өсіріп, олардан 105 немере, 47 шөбере, 5 шөпшек тараған.
Қаншама жылды артқа тастап, осы күнге жету қарттар үшін оңай емес. Қайсысының болмасын денсаулығы сыр берері анық. Келесі сапарымыз Бөген ауылында болды. Онда Қалия Қамысбай деген әжеміз тұрады. 8 баланың анасы бүгінде, 38 немере, 92 шөбере, 3 шөпшектің қызығын көруде.
Ордабасы ауданында тұратын әжелердің үйіне кіріп, кішкене болсын қуаныш сыйлағымыз келген «Айғақ» ұжымы үлкен кісілердің батасын алуға құштар болдық. Соңғы бағытты Шұбарсу ауылына бұрған біздер, мұнда Пиялай Төреқұлова есімді 101 жастағы әженің үйіне тоқтадық. 9 бала тәрбиелеген әже 44 немере мен 59 шөбере көруде.