Қаңтар айының 24-25 жұлдызы күні елордамыз Нұрсұлтан қаласында грэпплингтен «Astana open» халықаралық турнир өтті. Айтулы жарысқа Ресей, Бразилия, Қырғызстан, Өзбекстан елінен грэпплинг шеберлері күш сынасты. Соңғы жылдары қанатын кеңге жайып келе жатқан күрестің бұл түріне Созақ ауданының балуандары да қатысты. 71 келі салмақта Болат Жолшыбеков грэпплингтің ноуги түрінен ересектер арасында 3 орын, ардагерлер арасында 2 орынды иеленді. 84 келі салмақта бақ сынаған Ұласар ересектер арасында грэпплинг ноугиден 3 орын, ардагерлер арасында грэпплинг гиден 1 орын алды. 100 келі салмақта күрескен Даурен Оспанов грэпплингтің ги және ноуги түрінен жүлделі 3 орынға табан тіреді. Аса ауыр +100 келі салмақта Жазылбек Беркінбаев грэпплингтен гимен ноуги түрінен 2 орын иеленді.
Желтоқсан айында өткен грэпплингтен ҚР Кубогының иегері Жазылбек Беркінбаев: «Бұл жарыстың бәсі биік болды. 5 елден келген 500 палуан «Даулет» спорт кешенінде кіл мықтының арасынан кім мықтыны анықтады. Ауданнан барған 4 палуанда жүлде тұғырынан көрінді. Бұл сөзсіз, жігіттердің еңбегі. Алдағы Қазақстан Республикасы чемпионатына тыңғылықты дайындалып, биіктен көрінуге тырысамыз. Жанкүйерлік еткен барша спортсүйер қауымға, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшылығына алғысымызды айтамыз»,- дейді.