Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен таяуда ғана Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне ерекше мәртебе берілгені белгілі. Осыған орай бүгін аталмыш оқу орнында арнайы жиын болып өтті. Жиынды ашқан университет ректоры Болатбек Абдрасилов Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен ашылған университеттің арғы-бергі тарихына шолу жасай келіп, оқу орнына берілген ерекше мәртебенің ерекшеліктеріне тоқталды. «Университеттің ерекше мәртебесі оған үлкен академиялық және басқарушылық дербестік береді. Ph.D. философия докторы мен сала бойынша доктор дәрежесін тағайындауға, білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға және жеке үлгідегі дипломдарды беруге мүмкіндік жасайды. Білім беру грантының құны да артатын болады. Бұл профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысын арттыруға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жаңартуға мүмкіндік береді. Бүл шаралардың барлығы университетке ғылыми және педагогикалық кадрларды тартуға, сондай-ақ осы аймақтың дамуына серпін беріп, оның алдына қойылған мақсаттарға жетуге ықпал ететін болады» деді. Және университеттің мұндай ерекше мәртебеге ие болуы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей мұрындық болуымен іске асқандығын айтып, әкімге алғыс білдірді.
Жиында сөз алған облыс әкімі Ө.Шөкеев университет ұжымын оның жаңа мәртебесімен құттықтады. «Бұл сіздер үшін ғана емес, мен үшін де өте маңызды және қуанышты жағдай. Түркістан қаласы, облыс жұртшылығы үшін де өте маңызды. Өйткені біз университетті көтермей Түркістанды көтере алмаймыз. Мұндай мәртебені иеленеген жоғары оқу орны, Алматы мен Нұр-Сұлтанды айтпағанда, басқа бір де бір облыста жоқ. Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ғылым, білімді дамытуға баса назар аударып отыр. Президент Жарлығымен беріліп отырған ерекше мәртебе университетке зор мүмкіндіктер береді. Мен бұл мүмкіндікті университет ұжымы тиімді пайдаланады деп сенемін. Сондай-ақ бұл мүмкіндікпен қатар үлкен жауапкершілік те жүктейтінін бір сәт естен шығаруға болмайды. Екі бағытта өте қатаң талап қойылуы керек. Ол ұстаздардың және студенттердің білім деңгейінің жоғары болуы» деп атап көрсетті облыс әкімі Ө.Шөкеев.
Жиында сөз алғандардың барлығы университетке беріліп отырған мүмкіндіктерді тілге тиек етіп, ерекше мәртебеге қол жеткізуге зор көмек көрсеткені үшін облыс әкіміне алғыстарын білдірді.