«ҚАЗАҚ ҮНІ» республикалық қоғамдық-саяси газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының «ЖЫЛ АДАМЫ – 2019» таңдаулылары анықталды, деп жазады аталмыш портал сайтында.
«Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2019 жылғы «Жыл адамдары» сараланды. Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасын таңдай алды.
Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы өткізілді. Арнайы құрылған Сарапшылар алқасы 2019 жылдың үздіктерін анықтады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай таңдалған «Жыл адамы – 2019» байқауының жеңімпаздарымен таныс болыңыздар!
Жылдың басты оқиғасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатты. Қазақстанның жаңа Президенті сайланды. ҚР Президенті жанынан Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесі құрылды
Жыл жетістігі – Сириядағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша бірнеше кезеңнен тұрған «Жусан» операциясы өткізілді
Жыл датасы – 9 маусым, ҚР Президенті сайлауы
Жыл саясаткері – Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ер Түріктің бесігі атанған киелі Түркістанның рухани жаңғыруы, жаңа бағытта дамуы жолында табанды еңбек етіп келе жатқан сарабдал саясаткер. Сонымен қатар, Арыс қаласындағы апат кезінде халықтың жанынан табылып, қаланың қалпына келуіне көп еңбек сіңірді. Арыстағы барлық құрылыс жұмыстарын өзі бақылап, бір ай бойы аймақ тұрғындарымен бірге тұрды,- делінген Qazaquni.kz ұлттық порталының мәлімдемесінде