«ҚАЗАҚ ҮНІ» республикалық қоғамдық-саяси газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының «ЖЫЛ АДАМЫ – 2019» таңдаулылары анықталды, деп жазады аталмыш портал сайтында.
«Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2019 жылғы «Жыл адамдары» сараланды. Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасын таңдай алды.
Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы өткізілді. Арнайы құрылған Сарапшылар алқасы 2019 жылдың үздіктерін анықтады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай таңдалған «Жыл адамы – 2019» байқауының жеңімпаздарымен таныс болыңыздар!
Жылдың басты оқиғасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатты. Қазақстанның жаңа Президенті сайланды. ҚР Президенті жанынан Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесі құрылды
Жыл жетістігі – Сириядағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша бірнеше кезеңнен тұрған «Жусан» операциясы өткізілді
Жыл датасы – 9 маусым, ҚР Президенті сайлауы
Жыл әкімі – Ерлан Айтаханов.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов үшінші мегаполистің әкономикалық-әлеуметтік саласын көтеруге қатты кірісуде. Әсіресе, қала шетіндегі елді мекендер мәселесін қолға алуда. Ол сонымен қатар өзінің қазақ руханиятының қамқоршысы екенін көрсете білді. Әкімнің бастамасымен Шымкент қаласында қазақ ақындарының өлеңдері жазылған баннерлер ілініп, қазақ поэзиясы насихатталды. Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлының қолдауымен Шымкент қаласында белгілі ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов бастаған бірнеше ақынның жыр кештері жоғары деңгейде аталып өтілді.