Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы, «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Түркістан — тазалық мекені» атты жаңа челендж бастау алды. Бұл іс-шара аты айтып тұрғандай қаланы тазалыққа бағыттайтын сенбілік, деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі. Бұл игі бастама 32 секторға бөлінген Түркістан қаласының 27-ші аймағында жүзеге асты. Күннің суығына қарамастан жүзеге асқан бүгінгі сенбіліктің ерекшеліктері де көп. Жиналған 50-ге жуық жастар қолдарына сыпырғы мен қабын алып, бірден іске кіріспеді. Ұйымдастырушылар ең алдымен сананы дайындау мақсатында көңілді әуенмен дене қыздыру биін билетті. Сонымен бірге, жұмбақтар жасырып, мақал-мәтел айтудан сайысқа түсті.
Осылайша, сенбі күні көңілдері көтерілген жастар аула тазалау ісіне кірісті. Бұл жұмыстарды да қызықтыру үшін жиналғандар топқа бөлініп, қоқыс жинаудан жарысты. Сенбілікке қатысушыларды ынталандыру мақсатында жеңген топқа арнайы сыйлықтар қарастырылған.
Тұрғын үй ауласында өтіп жатқан ерекше іс-шараны көрген тұрғындар да сенбіліктен шет қалмады. Қолдарына ұл-қызын жетектеген ата-аналар тазалық жұмыстарына кірісіп кетті. Бұл — челендждің нәтижесі болмақ.
Ендігі кезекте Жастар ресурстық орталығы бұл челенджді Түркістан облысының өзге де басқармаларына жолдайды.