Түлкібас ауданында аудан тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өтті, деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі. Қоғамдық қабылдауға «Nur Otan»партиясы Түлкібас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асланбек Нұранов, Түлкібас ауданы прокурорының орынбасары Талғат Монтаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Өркен Есей , аудандық мәслихаттың депутаттары мен жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері қатысты. Қабылдауда қаралған мәселелер мемлекет тарапынан берілген пәтерлер мен атаулы әлеуметтік көмекке қатысты болды. Түлкібас ауданына қарасты бірнеше ауылдың тұрғындары келіп, жауапты орындардан көмек сұрады. Өз мәселелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, тиісті жауаптарын ала-алды.
Аудан тұрғындарының арасында әлеуметтік жағдайының төмендігі мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғаны үшін мемлекеттік үй кезегінде тұрған азаматтар бар. Биылғы есеп бойынша 89 адамға пәтер беру туралы шешім шығарылса, оның 51-і ғана баспаналарына қоныстанған. Қалғаны мемлекет тарапынан ұсынылған пәтерден бас тартқан. Себебі, 1 бөлмелі пәтерлерге көңілі толмайды. Міне, осындай мәселелерді арқалай келген аудан тұрғындары қоғамдық кеңес мүшелерінен көмек сұрады. Ал, оларға берілген жауап біреу. Келесі кезектегі үй тізімдерін күту немесе дәл қазіргі уақытта ұсынылып тұрған 1 бөлмелі пәтерді қабыл алу. Яғни, бұл ұсынысқа келіспеген аудан тұрғындары 2020 жылдың жоспарына сай ұсынылатын пәтерлерді күтетін болады.
Қазіргі таңда баспаналы болу — қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Өйткені, елімізде қаншама азаматтар үй кезегінде тұр. Олардың ішінде көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-анасыз азаматтар және т.б бар.