Халқымыздың дәстүрінде жеті қазына қандай киелі болса, еліміздегі мұсылман қауымының тіршілігі мен құлшылығында жеті рухани қазық сондай қастерлі болуы керек. Ендігі мақсат – осы тұғырнаманы халыққа насихаттау. Жұма уағыздарында, жамағат намаздарынан кейінгі дәрістерде Рухани Тұғырнаманың мақсаты мен міндеттерін, тәлімдерін ұлтымызға жеткізу.
Тұғырнама мұсылманның тұлабойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық. Қайырымды қаланың билігі осы бағытта жұмыс істеуді көздеп отыр.
Батырлықтың символы болған Бауыржан Момышұлының: «Отан үшін отқа түс, күймейсің», – деген жалынды сөзі талай жастың жігерін жанып, намысын оятты. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуы тиіс. Тұғырнаманың екінші ұстыны осыған үндейді. Қоғам қайраткерлері осы бағытқа көбірек тоқталды.
«Жеті рухани қазық» құжаты барша дін қызметкерлеріне жол сілтеп, жөн көрсетіп тұратын шамшырақ іспеттес. Сондықтан насихаттау арқылы рухани байлыққа жол ашылары сөзсіз.
