Облыс орталығы Түркістан қаласында полиция қызметкерлеріне арналған жаңа тірек пункті ашылды, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. Айрықша ғимарат Әмір Темір көшесінде орналасқан.
Жаңа бекеттің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев пен облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков арнайы қатысты. Бекетте тәртіп сақшылары халықтан туындаған сауалдарға жауап беріп, оңтайлы шешімін табуға қызмет жасайтын болады.
Тәртіп сақшыларының қызметін ашық әрі айқын ету мақсатында салынған полиция бекеттеріне кез келген қала тұрғыны мен қонақтары емін-еркін кіріп, полицияға талап, ұсыныс-тілектерін білдіре алады.
Бұған дейін мұндай тірек пункті аталмыш көшедегі аялдаманың жанында қойылған болатын. Бұл жолғы пирамида пішіндес ғимараттың ерекшелігі іші кітаптармен толыққан. Келуші қала тұрғыны мен туристері құқық қорғау саласының қызметкерлерімен тілдескеннен бөлек, зейінін ашып, рухани байлыққа да қол жеткізе алады. Іске қосылған нысан заманауи жабдықталған. Көпшілік аялдайтын орталыққа орналасқан бұл пункттің жазда салқын, қыста жылы болуы да қарастырылған.