Түркістан облысына кезекті іс-сапарымен келген Үкімет басшысы Асқар Мамин бастаған жұмыс тобы ең алдымен Түркістан қаласындағы халықаралық автобекеттің ашылу рәсіміне қатысты. Асқар Мамин халықаралық автобекеттің ашылуымен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. Мұнан соң шығыстық бірегей үлгіде салынған автобекеттің лентасын ҚР Премьер-министрі А.Мамин мен Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев қиды.
Түркістан қаласында салынған автовокзалға тапсырыс беруші — «Қасиет Транзит Сервис» ЖШС. Мердігер мекеме – «ЮгСтройконструкция» ЖШС. Нысанның құрылысы биыл, яғни 2019 жылдың сәуір айында басталып, 2019 жылдың тамыз айында құрылыс жұмыстары аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Халықаралық автобекет Кентау қаласына қарасты Шаға ауылында орналасқан. Шығыс үлгісінде салынған нысанның жалпы аумағы 2,4 га құрайды. Жоспарға сай, 600 автобусқа арнайы 15 тұрақ қарастырылған.
Автобекет тәулігіне 10 мың адамға дейін қызмет көрсете алады. Еліміздің Алматы, Нұр-Сұлтан секілді бағыттарымен қатар, облыстың өзге де аудан, қалаларына да автобустар қатынайтын болады. Нысан ішінде ана мен бала бөлмесі, күту залы, асхана, тынығатын орындармен қамтылған. Сондай-ақ, автовокзал аумағында барлық стандартқа сай автокөлік жуу, техникалық қызмет көрсету орындарын ашу жоспарланып отыр.