Алдағы 4 жылдың ішінде мұғалімдердің еңбекақысы 2 есеге өседі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Тамыз конференциясында Үкіметке осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Педагог жүктемесін қысқартатын, кәсібіне сай емес қызметтерге тартуға тыйым салатын шектеу қою, шектен тыс есептілік пен негізсіз тексерулерді шектеу дербес қаралады. Мұғалімдердің еңбекақысы базалық лауазымдық жалақы арқылы есептеледі. Сол себепті елдегі 500 мың педагог айлығының елеулі мөлшерде өскенін сезіне алмай отыр. Мұны тура айту керек», — деген Мемлекет басшысы ұстаздардың қазіргі еңбекақысына көңілі толмайтынын жеткізді.
«Мұғалімдердің еңбекақысы ең төменгі айлықтардың бірі болып тұр. Экономикадағы орташа еңбекақының 65 пайызын ғана құрайды. Әрине, мұнымен келіспейміз. Сондықтан Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тарту мақсатында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыруды тапсырамын», — деді Президент.