Жамбылдық құрылысшылар Арыс қаласындағы 300 үйді жөндеп, пайдалануға беріп үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, Арыс қаласының аумағы 17 секторға бөлінген болса, Жамбыл облысына 3-ші сектордағы 11 көшеде орналасқан 312 жеке тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жүктелген.
Бүгінде облысқа тиесілі бөліністегі орналасқан 312 жеке тұрғын үйдің 2-уі қайта соғылып жатыр. Қалған 310 тұрғын үйдің 300-інде жөндеу жұмыстары аяқталып, 12 тұрғын үй бойынша қалпына келтіру шаралары атқарылуда.
3-ші сектор бойынша Жамбыл облысынан 4 құрылыс компаниясы, 10 технадзор оның 5-уі Түркістан облысы әкімдігі тарапынан және 500-ге жуық құрылысшы, 20 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының мәліметінше, бұған дейін Арыс қаласының 423 баласы Жамбылдағы жазғы сауықтыру лагерлерінде демалған. Қазіргі таңда арыстық 25 бала жазғы демалыстарын өңір лагерінде қызықты өткеруде.