Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласына Түркістан облысы Отырар ауданының зиялы қауым өкілдері де пікір білдіріп, зор ықыласпен қолдайтындықтарын жеткізді.
Қыдыр САҒЫНДЫҚ, Отырар ауданының Құрметті азаматы: «ТАРИХЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕУ КЕЛЕШЕК ҮШІН ЖАСАЛҒАН ИГІ ҚАДАМ»
«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлт рухының айрықша салтанат құруына негіз болған ерекше оқиға! Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мақаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде Қазақстан тарихын зерттеп, зерделеуге қатысты бірнеше жоба ұсынды. Мақалада Қазақстан тарихын «жаңаша көзқараспен зерттеу», «нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдау» қажетін айтады.»Қазақстан тарихы жекелеген үзінділермен емес, қазіргі заман ғылымы тұрғысынан қарағанда тұтас, түсінікті болуы тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті» делінген мақалада. Тарихи сана қалыптаспай, елдік сана орнықпасы анық. Ал тарихи сананың негізі қашанда осы ұлттық болмыстан екені белгілі. Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатты сақтай отырып, оған ілесу Елбасы мақаласының негізі өзегі деп ойлаймын.Президент тарихи сананы жаңғырту жұмыстарын бірнеше жоба бойынша атқаруды ұсынады. Назарбаев бұл бағытта жеті жылдық «Архив-2025» бағдарламасын жасау, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын, «Ұлы дала» деп аталатын ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу және Қазақстан фольклоры мен музыкасын зерттеу жобасы мен Қазақстан тарихын кино мен телевизияда насихаттау жобасын жүзеге асыру керек дейді.
Терең тарихымызды түгендеп, келешектегі ел игілігіне айналатын осынау бағыт-бағдары айқын мақалаға әрбір қазақстандық атсалысып, оның жүзеге асуына бар күш-жігерін жұмсауы керек деп санаймын.
Мырзабай ӨКСІКБАЕВ, Отырар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «МАҒЫНАСЫ ТЕРЕҢ, МАЗМҰНЫ ЕРЕН МАҚАЛА»
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлы Даланың мақтаныш ете алатын жеті ерекше қырын атап өтті. «Жеті» — бұл әлем халқының барлығына аса бір құрметті мағынаға ие қасиетті сан. Жаратушы дүниені жеті күн ішінде жаратты. Жеті күн — уақытты өлшеудің ең қарапайым тәсілі. Одан бөлек, әлем жұртшылығында «Әлемнің жеті кереметі» деген ұғым бар. Ұлы Даланың осындай ерекше жеті қырын сөз ете отырып, Президент Қазақстанның тарихына терең ой салуды үндейді. Сондай-ақ, Елбасымыз өз мақаласында көптеген маңызды және ірі жобаларды ұсынған. Оларды жүзеге асыру арқылы рухани саланың жаңа өрлеу сатысына көтеретініміз анық. Қазақтың Ұлы Даласы және сол кеңістікті мекендеген ұлт пен ұлыстар дүние жүзінің материалдық һәм рухани мұрасына өшпес іздер қалдырғаны кәрі тарихтан мәлім. Көшпелілер империясының әлем картасына елеулі өзгерістер енгізгені, материалдық мәдениет пен рухани мұралардың бай қазынасын қалдырғаны белгілі.
Түркілердің, соның ішінде қазақ халқында фольклорлық мұралардың, сонымен қатар музыкалық өнердің мол қазынасы сақталып бүгінгі заманға жетті.Ұлы Даланың көп ғасырлық рухани һәм материалдық мұраларын заманауи технологиялар мен жаңа қалыптасып жатқан цифрлық өркениеттің сұранымына сай қайта жаңғырта білу бүгінгі өскелең ұрпаққа аманат. Осы баға жетпес қазыналарымызды ел-жұрттың пайдасына жарату еліміздің рухани және технологиялық тұрғыдан дамуына жаңа екпін беру барша қазақстандықтардың ортақ борышы деп ойлаймыз.
Алмас ЖҰМАШЕВ, «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби» музейінің директоры: «МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ ҚОЗҒАЛЫП ОТЫР
Елбасымыздың күні кеше ғана жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жалпы өмірдегі маңызды мәселелерді сөз етуімен құнды деп білеміз. Атының өзі айтып тұрғандай бұл мақаласында Мемлекет басшысы өткен кезеңдердегі әрқилы оқиғаларды бүгінгі күннің көріністерімен сабақтастырып көптеген орынды мәселелерді қозғап отыр.
Өз тарихын терең білу, оның ұлы жетістіктерін мақтан тұту рухы биік ұлт болып қалыптасуда маңызы өте зор. Мұның өзі болашаққа батыл қадам жасауға кеңінен жол ашып, септігін тигізетіні сөзсіз. Әрине, бұл жөнінде Елбасымыздың өзі тиімді жолдарын нақты көрсетіп берген. Бұл мақаласында Ұлт көшбасшысы архивтердің маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өткен. Сондықтан отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі түрде іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасаудың қажет екендігін нақты атап көрсетіп отыр.
Бұл жерде тарихшыларға, деректанушылар мен мәдениеттанушыларға салмағы орасан зор жауапкершіліктер жүктеледі. Осында айтылған мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру туралы идеясы жас ұрпақтың музей педагогикасы арқылы өз тарихын бойына сіңіріп, болашақта өз тарихын, елін сүйген тұлға болып қалыптасуына үлкен ықпалын тигізері сөзсіз. Сондай-ақ Елбасымыз «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты жобасында ұлы даланың Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелгенін және оларға арнап «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату керектігіне баса назар аударып, ұлы тұлғаларымызды елімізде және әлемдік деңгейде насихаттаудың маңыздылығын атап өтіпті. Бұл дегеніміз — ұлы тұлғаларымызды ұлықтау арқылы, соларға еліктеген болашақ ұлы тұлғаларды қалыптастыру, ұлы дала елін мәңгілік елге айналдыру жолы. Біз де – Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби» музейінің ұжымы осы мақсатта Елбасы идеяларын бағдар қылып ұлы энциклопедист ғалым Әбу Нәсір әл-Фараби және оның ізбасарларының мұраларын жинастыру, сақтау, насихаттау жолында жұмыс жасап келеміз, жасай береміз де.
Қысқасы, Елбасымыздың ұлы даланың жеті қырын айшықтап, болашақта жасауымыз керек жұмыстарды бағдарлап берген бұл дүниесі көптеген өзекті мәселелерді сөз етуімен жалпы халықтың көңілдерінен шығады деп толық сеніммен айта аламын.
Мемлекет басшысы өз сөзінде айтқанындай ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет екендігін атап көрсеткені үлкен міндеттер жүктейді.