Жамбыл облысының Талас ауданында жас кәсіпкер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тегін нан таратады.
Ол «ЖасПродЖект» жобасымен наубайхана ашып, өз ісін бастаған. Шағын елдімекенде тұратын қайсар қыз мүмкіндігі шектеулі бола тұра табысының бір бөлігін көмекке мұқтаж ауылдастарымен бөлісуді ұйғарған.
Айналасындағыларға жәрдемдесіп, қол ұшын беру Қарлығаш Жаңабаеваның өмірлік ұстанымы. Ұядан ұшқанда ілгені осы ауылдық кәсіпкердің. Ол былтыр «Жас проджект» жобасына идеясын ұсынып, жоспары қолдау тапқан. Қайтарымсыз қаражат алып, пеш, қалып сияқты наубайханаға қажетті құрал-саймандарын түгендеп алды. Қазір бүтін бір ауылды нанмен қамтып қана қоймай 50 отбасына тұрақты түрде нан таратады.
Қарлығаш Жаңабаева, жас кәсіпкер:
— Мыңға дейін жеткізсек деп отырмыз. 900 ге дейін таратылып жатыр. Бос уақытта. Үкіметтің бөлгеніне қуанамын ақшаны. Енді екіншісі жартысын күтіп отырмын. Келешекте татті тоқаштар тандыр нан пісірсем деген ниетім бар. Кәсіпкерге алғысын жаудырып отырғандардың бірі Ирина Шатырова. Сегіз баланың анасы таңның атысынан кештің батысына дейін балабақшада. Оның қамыр ашытып, нан жабуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан жұмыстан келісімен ауылдағы наубайханаға асығады. Көпбалалы ана сияқты ондаған Қызыләуіттік тұрғындарға Қарлығаштың бастамасы үлкен жәрдем.
Ирина Шатырова, ауыл тұрғыны:
— Осы Қарлығаш қызымыздың нан сатуын ашқанына бүгіл ауыл тегіс қуанамыз, бір шеті бала шағымыз кешке дейін мектепте болады. одан кейін өзім балабақшада жұмыс істеймін, уақытым жоқ, ары бері нан пісіргенге. дайын нан, дайын өнім. қарлығаш қызымызға рахмет. осындай кәсіпкерлікті ашып бізге тегін нан таратып отыр.
Жас кәсіпкер өзімен бірге ауылдың үш жұмыссыз азаматын еңбекке тартты. Оның ішінде шағын наубайханаға келе алмайтын зейнеткерлер мен көпбалалары аналар да бар. Айта кету керек, «Жас проджект» жобасымен жалпы аймақта 209 жоба нақты жұмыс істеп жатыр. Мұнда 700-ден астам жас жұмыспен қамтылған. Оның 30-дан астамы мүмкіндігі шектеулі жандар. Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан жобалардың басым бөлігі осындай ауылды жерлерде.
Дереккөз: 24.kz.