«Жыр жазуға бір қазақтай хақым бар». Аталған тақырып аясында Төлеби ауданына қарасты Майбұлақ елдімекенінің тумасы, қоғам қайраткері Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болған Қуаныш Төлеметовты еске алуға арналған әдеби кеш өтті. Салтанатты шараның негізгі мақсаты ел ағасының өнегелі өмір жолын бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау.
Қуаныш Төлеметов 1942 жылы табиғаты таң ғажайып Төлебидің төріндегі Майбұлақ елдімекенінде дүниеге келген. Ел ағасы алғашқы еңбек жолын комбинат мастері болып бастайды. Содан Шымкенттегі «Шифр» зауытының басшысы қызметіне дейін көтерілген. Әрине, бұл өмір жолының бір парасы ғана. Нақтырақ айтқанда Қуаныш Төлеметов халықтың қамы үшін қызмет еткен азаматтардың бірі. Қоғам қайраткері ел ісінен бөлек өлеңді өрнектеп жазуыменде көпке танымал. Өткен салтанатты шара барысында «Майбұлақ жалпы орта мектептің» оқушылары жазушының өлең жолдарын нақышына келтіріп орындап көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
1990 жылы ашылған бұл білім ордасында Қуаныш Төлеметовтың ізі қалған. Яғни сегіз қырлы бір сырлы ел ағасы бабалар рухына тағзым жасау мақсатында ең алғаш Төлеби бабаның ескерткішін аталған білім ордасының ғимаратына қойыпты. Бұл да болса қоғам қайраткерінің туған елге, жерге деген сүйіспеншілігінің бір белгісі. Игілікті ісімен көпке сыйлы жанды бүгінгі ұрпақ танып білсін деген ниетпен оқу ғимаратынан жеке кабинеті ашылған. Бұл жерде Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болған Қуаныш Төлеметовтың көзі тірісінде сыйласқан ет жақын бауырларымен түскен естелік суреттері және жыр жинақтары сақталыпты.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған кеште Қуаныш Төлеметовтың кіндік қаны тамған жерге және анаға арнап жазған өлең жолдарын оқушылар ерекше тебіреніспен оқыды. Сонымен қатар, оқушылар ел ағасын үлгі тұтанытдарын жеткізді.
«Әлеуметті ала-құла бөлмеймін, Барша жанды бауыр тартқым келеді». Қуаныш Төлеметовтың бұл өлең жолдары өзінің ақкөңіл адал жан екенін ұғындырады. Бұдан бөлек жазушының қаншама өлеңдері ел арасында кең таралған. Мәселен » Аппақ гүлдер» әнін бүгінде қалың көпшілік сүйіп тыңдайды. Осылайша қоғам қайраткері 62 жылдық ғұмырында халық үлгі тұтардай із қалдырды
Мақсат Тоқсанбай.