Семейдегі машина құрастыру зауыты көліктің өзге де түрлерін шығаруға көшті. Енді кәсіпорын туристерге арналған автобустарды құрастыра бастайды. Қазір жоба құжаттарын сертификаттау жұмыстары қолға алынған. «Алғашқы автобустар келер жылдан бастап пайдалануға беріледі. Себебі көліктің осы түріне сұраныс жоғары», — дейді мамандар. Айта кетейік, отандық үлгідегі көлік құрастыратын зауыт жылына 1200 көлік жасап шығарады. Келешек те электробустар құрастыру өндірісі жолға қойылмақ. Марат Мәкішев, автоқұрастыру зауыты бас директорының орынбасары: – Туристерге арналған автобустар екі және бес есікті болып, люкс нұсқада құрастырылады. Көліктің осы түрін қалаішілік және қалааралық жолаушы тасымалына қолдануға болады. Заман көшінен қалмай, келешек электробустарды да жасап шығару жоспарда бар. Бұл жоба таяу екі жылда жүзеге асады.
www.24.kz