Қойнауынан құт дарыған, шатқалынан шаттығы тасыған Созақ өңірі — ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің қайнар бұлағы. Теріскей жері аспапты адамша сөйлете білген күйшіге де, таңдайына бұлбұл ұялаған әншіге де, жырдан маржан терген ақынға да бай өлке. Ырыс алды ынтымақты қалаған, дархан даланың өркендей қсіп, өркениет тұғырына қонған Созақ ауданына 90 жылдық мерейлі тойы бүгіннен бастау алды. 35 елді мекен мен 2 кенттік, 10 ауылдық округке біріктірілген аудан аумағында бір мезете 24 әлеуметтік нысан ел игілігі үшін пайдалануға берілді.
Балдысу, Раң ата, Шаға, Ақсүмбе ауылдарында 4 медициналық пункт, Шолаққорған, Сызған, Жуантөбе, Жартытөбе, Қызылкөл елдімекендерінде жарықтандыру іске қосылды. Жартытөбе, Қарақұр ауылдарынан саябақ ашылса, Құмкент ауылынан пайдалануға берілген спорт ғимараты, Құмкент, Жартыөбе, Шолаққорған, Таукенттегі кіші футбол алаңшасы мен балалар ойын алаңдары халықтың көз қуанышына айналды. Елбасының 2020 жылы бұқаралық спортпен айналысатындардың санын 30 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы Созақ ауданында кеңінен орын алғандығының куәсі болдық. Енді жастар ғана емес ауыл қариялары да саябақтарда серуен құрып, спорт алаңшаларының игілігін көретін болады. Бұл тұрғыда Теріскей жұртының қуанышы бір төбе.
Иә, Созақ өз тарихында бірнеше хандықтың ордасы болған. Ұлы Жібек жолының Теріскейдегі Баба ата — Құмкент — Созақ пен Шолаққорған дамыған сауда орталығына айналған. Өлкенің сан ғасырлық тарихын әріден айтпаған күннің өзінде ғасырға жуықтаған осы кезеңде талай дамудың даңғыл жолын бастан өткерген аудан бұл. Аудан экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруында қазыналы қарттарымыз бен қариялардың ізін өкшелей басқан аға буынның еселі еңбегі мен маңдай тері жатыр. Сондықтан да аудан басшысы Салыхан Полатов бірқатар азаматтарға Созақ ауданының «Құрметті азаматы» атағын табыс етті.
«Қазатомпром өнеркәсіп» Ұлттық Акционерлік қоғамының бас директоры Марат Ниетбаев,
Бәйдібек ауданының әкімі Бахытбек Танагөзов,
ОҚМПУ факультет деканы Нариман Нұрпейісов, Зейнеткер Әшімхан Тәпі секілді зиялы қауым өкілдері кеудесіне құрметті төсбелгі тағып, марапат төрінен көрінді.
«Созаққа барсаң күйшімін деме…» деп жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, құт дарыған, бақ қонған өлке Тоқа, Бапыш, Сүгір Әліұлы, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров секілді дарынды күйшілер, айтыскер ақындар мен жазушылар Құлыншақ Кемелұлы, Сәуірбек Бақбергенов, Құлжабай Төлеуов, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Бәтима Батырбековалардың туған жері.
Созақ ауданының 90 жылдық мерекесіне арналған алғашқы күннің тартуы — халыққа арналған республикалық ақындар айтысына жалғасты.