Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалды Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Күні кеше Шымкент қаласында тұңғыш рет өткізілген сайлау қорытындысы бойынша екі азамат лайық деп танылды. 2014 жылғы 1-қазандағы өкілеттік мерзім бойынша 21 дауыспен Сатыбалды Дархан Амангелдіұлы өтті. Екінші өкілеттік 2017 жылы 28-маусымдағы өкілеттік бойынша Бекназаров Нұрлан Құдиярұлы 22 дауыспен жеңіске жетті.
Нұрлан Бекназаров талай жылдан бері Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып келеді. Енді Нұрлан Құдиярұлын сенатор орынтағынан көретін боламыз.
Дархан Сатыбалды 2013-2015 жылдары аралығында шаһар мэрінің міндетін абыроймен атқарды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңның 129- бабына сәйкес жүзеге асырылған сайлауда Шымкент қаласы мәслихатының халық қалаулылары дауыс берді. Комиссияның жалпы саны 29 болса, бүгінгі айтулы шараға оның 26-ы қатысты.
Мегаполистен тоғыз кандидат өтініш білдіріп, оның алтауы үміткер ретінде тіркелген болатын.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2018 жылы 5 қазанда Шымкент қаласынан Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаттарын сайлау күні болып белгіленген болатын.