Түркістан қаласында өткен «Көне Түркістан –жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық жəне туристік форум тарихи сәттермен есте қалды. Айталық, форум жұмысына арнайы келген Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев қуанышты жаңалығымен бөлісті.
Ол Түркістан облысынан үш бірдей тарихи кешеннің дүниежүзілік туристік тартымдылығы ерекше нысандар қатарына қосылғандығын атап өтіп, өз құттықтауын білдірді. Яғни дүниежүзі бойынша 2 мыңға тарта тарихи нысандар топтастырылған туристік тартымдылығы ерекше тарихи кешендер қатарына біздің облысымыздан көне Отырар қалашығы мен Арыстанбаб және Қожа Ахмет Яссауи кесенелері кіріп отыр. Барлық елдердің эксперт мамандары бір ауыздан таңдаған аталмыш үш нысан бойынша берілген арнайы сертификаттар форум барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа салтанатты түрде табыс етілді.
Дүние жүзі бойынша туристік тартымдылығы ерекше нысандар қатарына Қазақстаннан жалпы саны 19 тарихи кешен енген. Ендігі жерде әлемнің түкпір түкпірінен саяхатқа шығып тарихы тереңнен сыр шертетін ғимараттарды аралап көргісі келген туристер Түркістан облысындағы аталмыш нысандарды да арнайы келіп тамашалайтын болады.