ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Отырар өңіріне іс-сапармен барып, «Жаңа Жібек жолы» экспедиция бағыты өкілдерімен кездесті.
Сапар барысында Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласы аясында Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелде насихаттау, Отырар қорық-музейінің территориясында орналасқан тарихи-мәдени мұра нысандарының қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар, туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау мақсатында Отырар қалажұрты маңынан салынғалы жатқан «Отырар қалажұртының сапар-орталығына» «Аманат хат» капсуласын салтанатты түрде орнату рәсіміне қатысты.
Сондай-ақ, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы «Жаңа Жібек жолы» экспедиция бағыты тобымен кездесті. «Ұлы Дала Eліне саяхат» жоба экспедициясы Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған.
«Жаңа Жібек жолы» бағыттың жалпы ара қашықтығы 3000 шақырым. Қатысушылар Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарындағы маңызды нысандарды аралап шықты. Экспедиция тобы саяхатшылардан, телевизия журналистерінен, туроператор өкілдері мен шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлерден тұрады. Олардың қатарында ресейлік тревел-блогер Богдан Булычев пен «National Geographic Россия» тобы бар.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша экспедицияны ұйымдастырушы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы. «Жаңа Жібек жолы» экспедициясының бағытын «QazaqGeography» Республикалық қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Арыстанбаб кесенесіне зиярат етіп, Отырар қалажұртындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты.