Осыдан 26 жыл бұрын егемендігіміздің белгісі ретінде бекітілген Ту, Елтаңба және Әнұран – ұлтымыз үшін аса қастерлі құндылықтар. Олар барша қазақстандықтың рухын асқақтатып, ұлттық бітім-болмысын айшықтайды.
Айта кетейік, ортасында шұғылалы күн және қалықтап ұшқан қыран бейнеленген көк Туымыз – суретші Шәкен Ниязбековтің туындысы. Ал көгілдір түс аясында шаңырақ түрінде өрнектеліп, қос қапталында пырақтар қанат жайған Елтаңба – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уәлихановтың еңбегі. Мәтінін Жұмакен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев жазған «Менің Қазақстаным» әні де тәуелсіздік нышандарының бірі. Әнұранымыз мемлекеттік деңгейдегі рәсімдер мен сайыстағы саңлақтар жеңімпаз атанған кезде шырқалып, рухани күш-қуат береді. Жалпы, бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде Рәміздер күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылуы тиіс.
Дереккөз: 24.kz.