Үкіметте ауыл шаруашылығы кооперациясының дамуын тежейтін проблемалар аталды.
Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға кедергі келтіретін өзекті проблемаларды атады, деп хабарлайды bnews.kz.
«2015 жылы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері» туралы заңның қабылдануы кооперацияны дамытудың негізгі кедергілерін жоюға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, кооператив мүшелері табысты өзара бөлісу құқығына ие болды. Кооператив қызметіне жыл сайын аудио жүргізу, ревизиялық одақтар институтын дамытуға жағдай жасалды. Үш заңның орнына бір заң қолданылатын болды. Арнайы заң «Мал шаруашылығы кооперативі» деп аталады. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызмет түрлері нақты сәйкестендірілді. 2018 жылдың 1 сәуіріндегі статистика бойынша 62 мыңнан астам адамның басын біріктірген 2849 кооператив тіркелді», — деді Евниев.
Вице-министр Президент әкімшілігінің тексеру қорытындылары бойынша ауыл шаруашылығы кооперациясының тиімді дамуына кедергі келтіретін бірқатар жүйелік проблема анықталғанын атап өтті. Олар – кооперативтердің 18%-ы жұмыс істемей тұруы, 42%-ның формальды түрде құрылуы, кооператив мүшелері өндірген өнімдерді өңдеу және өткізумен байланысты мәселелер, кооперативтерді дамытуды ынталандыру шараларының жеткіліксіздігі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жетіспеуі, әкімдік деректерінің статистикалық деректерге сәйкес келмеуі.
«Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаны өзекті ету жұмысы барысында агроөнеркәсіптік кешенінің ауыл шарруашылығы кооперациясы арқылы шешуге мүмкіндік туатын алты түйіндік проблемасы анықталды. Бірінші, еңбек өнімділігінің төмендеуі; екінші, өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің төменделігі, осының салдарынан өңдеуші кәсіпорындардың толық жүктелмеуі; үшінші, техникалық жарақтану деңгейінің төмендегі; төртінші, білімнің жетіспеуі; бесінші, өнімді сатудан түсетін кірістің аз болуы; алтыншы, қосымша шығындардың жоғары болуы. Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламада белгіленген алты индикаторды салыстырып қарағанымызда олар жоғарыда көрсетілген проблемаларды шешу дәрежесін бағалауға мүмкіндік бермейтінін, кооператив мүшелері мен жергілікті атқарушы органдардың жалған ақпарат беріп, көрсеткіштерді бұрмалауына мүмкіндік туғызатынын анықтадық. Сондықтан қолданыстағы нысаналық индикаторларды ауыстыру қажеттілігі туындады», — деді Арман Евниев.
Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеевке ауыл шаруашылығы кооперациясын одан әрі дамыту үшін бірқатар тапсырмалар берді.
«Кооперативтерді құрудың негізінде еңбек өнімділігі және өнімді шығару былтырғы жылмен салыстырғанда өсіп отыр деп айтып отыр. Өмірзақ Естайұлы, кооперативтерді құру кезеңіне дейінгі уақытта қанша ет облыста өндіріліп жатыр, кооператив құрылғаннан кейін кооператив есебінен өсті ме, жоқ па осыны қарау керек. Облыс бойынша қандай өзгерістер болып жатыр? Сүт пе, ет пе басқа да өнімдерден сол бойынша қанша жұмыс орны құрылды, қанша адамды жұмысқа тарттық, оның мультипликативтік жағында қарап шығуымыз керек. Ет осыншама есе өсті деп қана қоймай, сол шыққан ет-сүт нарықта қандай өзгерістер енгізіп жатыр? Баға сол қалпында қалды ма, әлде төмендеді ме, сұранысты төмендетті ме? Аз уақыт жұмыс істегеннің өзінде тек қана өндірілген өнімнің көлемінің көбейгенінен басқа қандай нәтиже бар?» — деді Сағынтаев.
Үкімет басшысы бүгінгі талқылауды ескере отырып ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ауыл шаруашылығы қешенді мемлекеттік бағдарламасын түзету шеңберінде агрокооперациясын дамыту шараларын егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.
Оның айтуынша, бұл шаралар ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін, ауылдағы жұмыспен қамту деңгейін арттырып, нәтижесінде ауыл шаруашылығы экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беру тиіс.