Оңтүстікте көктемгі егістіктен жиылған өнімнің 105 мың тоннасы экспортқа шығарылған. Оның 64 мың тоннадан астамы Сарыағаш ауданына тиесілі. Жалпы өңірдегі жылыжайлардың 50 пайызы да аталған аймақта орналасқан. Ал Ақжар елдімекеніндегі қарқынды баудан биыл 60 тонна алма өнімін алу көзделіп отыр. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мұндай көрсеткіш өңірде бұрын- соңды болмағанын мәлімдеді.
«Еріншектің етігі көлеңкеде, күрегі күн астында тұралайды». Бірақ бұл нақыл Сарыағаш халқы үшін айтылмаса керек. Ауданның ауылшаруашылық саласындағы көрсеткіші қашанда көш басында. Бүгінде өңір диқандары 112 мың тонна қырыққабат жинаса, оның 86 мың тоннасы сыртқы нарыққа шығарылған. Жалпы көктемгі егістіктің 60 пайызы ауданның үлесіне тиесілі. Өңір басшысы аялдаған «Сүндет ата» шаруа қожалығы былтыр 2 гектар аумақтан 140 тонна қырыққабат жинаған. 8 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық, биыл да еселі өнім алуды көздейді.
Ал жылыжай шаруашылығымен айналысатын «Роза» ЖШС-гі 1 гектар аумаққа тамшылатып суғару әдісімен қызанақ еккен. Озық технологияның арқасында өткен жылы серіктестік басшысы 60 тоннадан астам өнім алғанын айтады. Негізі облыстағы жылыжайлардың 50 пайыздан астамы Сарыағаш ауданында орналасқан. Жылыжай бойынша жалпы көлем өңірде 1325 гектар болса, оның 663 гектары аталған аймаққа тиесілі.
Ауылшаруашылық саласындағы тың әдіспен Сарыағашта тек жылыжай емес, интенсивті бауларда қарқын алған. Ақжар елдімекеніндегі «Арго Фуд Қазақстан» ЖШС-гі 250 гектар аумаққа түрлі жеміс ағаштарын отырғызып, еселі өнім алуды жоспарлап отыр. Мұнда шие, алма, өрік, шабдалы көшеттері егілген. Ерекше күтімді қажет ететін қарқынды бауда 150 адам қызмет атқарады.
Серіктестік басшысы алдағы уақытта баудан 60 тонна алма өнімін алуды көздеп отыр. Мұндай көрсеткіш өңірде бұрын –соңды болмағанын айтқан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев қарқынды баудың санын арттыру арқылы сыртқы нарықты ұлғайтуға болатынын жеткізді.
Жұмыс сапары барысында Ж.Түймебаев Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиевке бірқатар тапсырмалар да жүктеді. Өңір басшысы шекаралық бекеттердің маңындағы ретсіз сауда мен ескірген ғимараттардың көрінісін сынға алды. Сондай-ақ аудандағы заңсыз салынып жатқан нысандарды тоқтатуды міндеттеді. Мұндай ғимараттардың Сарыағаш қаласының өзінде 30-дан асатынын айтқан облыс әкімі , тұрғындарға түсіндірме жұмстарын жүргізіп, істі өз деңгейінде атқаруды атап өтті.