Алматыдағы XV Еуразиялық Медиа Форумда бұқаралық коммуникация саласының өзекті мәселелерін әлемге аты мәшһүр саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, беделді халықаралық ұйымдардың, зерттеу орталықтарының басшылары, журналистер талқыға салды. Алқалы жиынды Қазақстан Республикасы Президентінің атынан құттықтау сөзімен еліміздің ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев бастады. Министр Елбасының «заманауи журналистика жоғары жауапкершілікті талап ететіні» туралы сөзін мысалға келтірді. Өйткені соңғы кезде көрермендер ақпарат көздеріне балама іздеп, дәстүрлі масс-медиаға күмәнмен қарау көзқарасы қалыптасып келеді. Ал классикалық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестікте артықшылығы, Елбасының пікірінше, жоғары кәсіби біліктілік пен ұсынылатын ақпарат мазмұнының сапасына негізделуі тиіс.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев XV Еуразиялық Медиа Форум жұмысы туралы өз пікірін білдірді.
— Осы мақсатта ақпараттың ашықтығын дамыту және үздіксіз диалогты қолдау қажет. Мұның барлығы ынтымақтастық орнатуда туындыған мәселелерді шешуде түйінді шарт болып отыр. Еуразиялық медиа форум – осы өзекті мәселелерді жан-жақты қарап, жоғары деңгейде талқылауға мүмкіндік беріп отыр. Еліміз үшін маңызды жиынның сапалық құрамы мен танымалдылығы сындарлы пікір қалыптастыру және тәжірибе алмасу барлық қатысушылар үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр. Еуразиялық форумда спикерлер өте өткір сұрақтарды көтерді. Атап айтсақ, бұқаралық көші-қон, соның ішінде Еуропаға ағылу мәселесі туралы ой пікірлер сан алуан болды. Егер кейбір сарапшылар босқындар ел экономикасына айтарлықтай зиян келтіреді десе, кейбірі керісінше, жаппай көші-қон Еуропа халқының қартаю, демографиялық әлсіреу және жұмыс күшінің жетіспеушілігін жояды деген пікір айтты. Сонымен қатар, саммитке қатысушылар ақпараттық соғыс, бұрмаланған ақпаратты беру немесе саяси құрал ретінде фэйк жаңалықтарын сол қалпында тарату мәселелерін талқылады.
Форум аясында «Айғақ» Телерадиокомпаниясының басшысы Дулат Әбіш Оңтүстіктегі БАҚ мәселелеріне байланысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевпен пікір алмасты.
Суретте: «Айғақ» Телерадиокомпаниясының басшысы Дулат Әбіш, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.