Парламент Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері Таразда көшпелі отырыс өткізді.
Онда суармалы жерлерді пайдалану, су қатынастарын құқықтық реттеу және шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Комитет төрағасы Жеңіс Нұрғалиевтің айтуынша, өңірде 229 мың гектар суармалы жер болса, оның пайдалану көрсеткіші 90 пайызды құрайды. Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласындағы білікті кадрлардың тапшылығы, суды үнемдеу технологиясын пайдалану, жайылымдарды субсидиялау мәселелері қаралды. Сонымен қатар ауылдар төңірегіндегі төрт түлікті шалғайдағы жайылымдарға орналастырып, отарлы мал шаруашылығын дамыту туралы ұсыныс айтылды. Егер бұл бастама мақұлданса, шалғайдағы жайылымдарды игеруге ниет білдірген малшыларға ерекше қолдау көрсетіліп, қосымша жеңілдіктер берілуі мүмкін. Бұдан кейін депутаттар аудандарды аралап, бірнеше шаруақожалық жұмысымен танысты.
Жеңіс Нұрғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
— Жер кодексін реттеу заңдары. Соның барлығын жергілікті ауылшаруашылық қызметкерлері қолдап отыр. Жаңадан келе жатқан Мәжілістегі заңға да ұсыныстар айтып отыр. Біз хаттама ретінде ертең Үкіметке, министрлікке соның бәрін жеткіземіз деп ойлаймын. Сосын келешекте заңдарға соның бәрін кіргіземіз.
Дереккөз: 24.kz.