Айлардың сұлтаны Рамазан айының бастау алар тұсында Шымкенттегі балабақшалардың саны тағы біреуге толықты. Абай ауданының Қызылжар мөлтекауданынан ашылған заманауи үлгідегі балабақша ғимараты 120 орынға лайықталған. Атауы да ерекше: «HAPPY LAND». Балалардың бақытты әлеміне өз ұл-қызыңызды сеніммен тапсырыңыз. Дәл №53 жалпы орта мектебінің тұсында орналасқан балабақша дизайны өзінің сән-салтанатымен ерек. Бұл мөлтекауданда мектепке дейінгі мекемелерге сұраныс көп. Өйткені, халқы тығыз орналасқан шағын ауданнан балабақша кезегінде тұрған балалар саны да аз емес. Енді міне HAPPY LAND ұжымы өз қызметін ұсынбақ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ашылып отырған балабақшаны осы аймаққа белгілі Тәшметовтер әулеті 1 жыл бойына құрылыс жұмыстарын жүргізген. Көздің жауын алар креативті әрлеулер мен заман талабына сай орнатылған қажеттіліктердің барлығы да бүлдіршіндер үшін. Бүгінгі балабақшаның ашылу рәсіміне мөлтекаудан тұрғындарымен қатар зиялы қауым өкілдері де шақыртылған. Көптің сөзі бір арнаға тоғысып жатты. Барлығы да бастау алған осынау істің игілігімен жалғасуы. Кәсіпкерлерге ерекше көңіл бөлініп жатқан Елбасы бағдарламаларын тиімді орындаған кәсіпкер Октам Ергешов зайыбымен бірге балабақша ашуды міндет тұтыпты. 10 жыл мектепте сабақ берген Гүзал Ергешова болса, бүлдіршіндермен етене жұмыс жасау бақытына бөленгеніне қуанышты. Осы тұста Ұлт Көшбасшысының кәсіпкерлерге қолдау көрсеткен бағдарламаларының бірін тиімді пайдаланғандығын ерекше атап өтті.
Салтанат ТОЙБОЛОВА.