Қазақстан Қарулы Күштерінің бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық көрегендігінің нәтижесінде еліміздің армиясы отаншыл рухты қалыптастырды. Заманның талабына сәйкес әскерімізде жаңарып, күш-қуаты жылдан-жылға нығайып келеді. 26 жыл бұрын құрылған Қазақстанның Қарулы Күштері еліміздің еңсесін тіктеп, еркіндігімізді кеңейтті. Осындай мерейлі мереке қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысында «7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне» арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі Н.Сауранбаев қатысып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
Мұнан соң, елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың мүдделері мен құқықтарын, заңдылықты қорғауға үлес қосқан 21 азаматқа «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, облыс әкімінің Грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Өңірімізде Шымкент горнизонына қарасты 10 әскери құрылымдық бөлімдер Оңтүстік шекараның тұтастығы мен тыныштығын сақтауда қызмет етуде. Шарада еліміздің Оңтүстік қақпасын қырағы бақылап жүрген сарбаздар көпшілікке әскери тактикалық жаттығуларын көрсетті. Сондай-ақ, концерттік бағдарламалары ұйымдастырылып, патриоттық әндер шырқалды.
Шара соңында жиналғандар «Отар» әскери базасында өткен салтанатты шеруді тікелей эфирден тамашалады.
