Қырым Республикасында жүрген Оңтүстік Қазақстанның қоғамдық делегациясы бүгін Керчь қаласына жетті. Айтып өтейік, делегацияға Дулат Әбіш жетекшілік етуде. Делегация құрамында ҚР «Білім беру ісінің үздігі», Елбасының курстасы, ОҚО «Құрметті азаматы» Марат Қыстаубаев, Қырым Республикасына қарасты Керчь қаласында ерлік көрсетіп қаза тапқан Нұрмахан Тұрсынбековтың туысы Айымхан Баймаханова, еңбек ардагері Махмұдбек Мухамедов, Созақ ауданының «Құрметті азаматы» Жұмабек Жүнісұлы, Шардара ауданының «Құрметті азаматы» Жанзақ Әлібектер бар.
9 мамыр күні өтетін мерекелік шеруге оңтүстікқазақстандық делегацияны Керчь қаласының әкімдігі арнайы шақыртқан болатын.
Айта кетейік, Ресей Федерациясының құрамындағы Қырым Республикасында жүрген топтың негізгі мақсаты – батыр жауынгерлердің ерлігін насихаттау. Түлкібас ауданында дүниеге келіп, Керчь қаласына қарасты Эльтиген селосында қаза тапқан қандасымыздың жатқан жерінде күні ертең белгі тас орнатпақ. «Ұлы балалар ізімен…» жобасы аясындағы жат жұртта қалған тарихи тұлғалар насихатталатын болады.