Қазақстанның бас қаласында Ассамблеяның кезекті отырысы өтті. Жыл сайын сәуір айына жоспарланатын жиынның бұл ХХVI сессиясы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан айтулы шара Отандастарымыздың көңіліне қуаныш ұялатып, құлаққа жағымды жаңалық айтылды. Яғни, баспанасыз жүргендерге пәтер алу жеңілдетілген бағдарламамен ұсынылып отыр. Әсіресе, жастарға мүмкіндік мол. Президент бес әлеуметтік бастаманы түсіндіре отырып, Шымкенттегі зәулім тойханаларға асып-төгіліп той жасайтындарды сөз етті. Дұрысы сол қаражатты жас жұбайларға беру керек деп айтты. Айта кетейік, Ассамблеяның сессиясына «Айғақ» арнасының түсірілім тобы жыл сайын қатысады. Бұл жолы да әріптестеріміз куә болып қайтты.
Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайы маңызды басқосудың мекені. 15-00 басталатын шараға уақытынан бұрын жиналып, тіркеуден өтіп жатқандардың қатары көп. Ассамблеяның мүшелері мен қонақтар шақыртылған. Олардың ортасында Оңтүстік Қазақстан облысынан 42 адам бар. «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры». Бұл ХХVI сессияның тақырыбы. Қазақстанда Ассамблеяға мүше 466 адам болса, соның 413 қатысты. Сондықтан, Нұрсұлтан Әбішұлы жұмысты бастауға болатынын жариялап, еліміздің әнұраны шырқалды. Қиын кезеңде бірлігіміздің ұйытқысы болған, берекеміздің бастауы ретінде құрылған Ассамблея өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындап келеді. Соның жалғасы Астанада өткен алқалы басқосу. Өз сөзінде Президент бес әлеуметтік бастаманың бағыттарын қарапайым тілмен ұғындырып берді. Баяндаманың түп төркіні елді бұзылмайтын қорған — ынтымаққа шақыру.
Жалпы, «Бес әлеуметтік бастамаға» 2 трлн. 600 млрд. теңге жұмсалады. Президент «бекерге ешнәрсе ұсынбаймын» дей келе, бұл қомақты қаражат, бірақ бұл біздің азаматтарымыздың болашағына инвестиция» деп мәлім етті. Ассамблеяның отырысында Елбасы кейде қалжыңмен жауап айтып, жиналғандардың жүзіне күлкі үйірді. Осылайша жиынның көркі қызып, ішкі және сыртқы түйіткілдерден сақтану көпшілікке жақсы ой салды.
Сессияның отырысы концерттік бағдарламаға ұласты. Назарбаевтың қатысуымен өткен көңілді кеште әлемнің сахнасына табаны тигендер ән айтып, жиналғандарды рухани серпіліспен құрыштай қуаттандырды.
Бағлан БАЙКӨБЕКҚЫЗЫ.