Жыл басынан бері облыстың қоғамдық өмірінің қай саласында болмасын жұмыстың жүйелене түскені жасырын емес. Құрылыс қарқын алып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер түзеле түсті. Облыстық әкімдікте өтетін жиындардың форматы өзгерді. Басқосуларда басқарма басшылары мен мекеме жетекшілері жүргізіп отырған жұмыстарын құр баяндамай саладағы кемшіліктерді көрсетіп, оларды шешу жолдарын ұсынды. Аудандармен танысу сәтінде де өңір басшысы ондағы әлеуметтік мәселелерді нақты көрсетуге шақырды. Жаңа әкім жұмысының нәтижесі қай кезде де жамбылдықтардың көз алдында. Ә-дегеннен жаңашылдығын танытқан басшының жоспары өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін кәсіпкерлік пен өнеркәсіпке жол ашып, көне шаһардың өзіндік сәулеттік келбетін қалыптастыруға бағытталып отыр.
Экономика, бюджет
Жалпы, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік–экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқан. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласындағы өсім 16,5 пайызды құраса, ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 4,2 пайызға тең. Ал құрылыс саласындағы өсім 31 пайызға, бөлшек сауда 3,3 пайызға, байланыс 4,6 пайызға артқан. Сондай-ақ, өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,4 пайызға өсті. Өз кезегінде, өсім жолаушылар тасымалы мен жүк тасымал саласында байқалып отыр. Жыл басынан бері облыста 83 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін ілгері етуде ең әуелі бюджеттік процесті бір жүйеге келтіруге баса назар аударылды. Бұл орайда, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттырудың арнайы іс-шаралар жоспары (регламент) бекітілді. Өңірдің әлеуметтік саладағы негізгі мәселелерін шешу мақсатында орталық органдарға жалпы құны 50,2 миллиард теңгені құрайтын 36 жергілікті басымды бюджеттік инвестициялық жоба бойынша 21,1 миллиард. теңгеге бюджеттік өтінімдер жолданды. Сол арқылы, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының үшінші бағытына сай 2300 адам ақылы қоғамдық және жастар практикасына тартылмақ. Сонымен бірге, Меркі ауданында мүгедек балаларды оңалту орталығы ашылып, Қордай, Т.Рысқұлов және Талас аудандарындағы 16 медициналық мекеме газдандырылады. Қазына қаржысының негізгі бөлігі жергілікті жолдарды орташа және күрделі жөндеу жүргізуге жұмсалады.
Сондай әлеуметтік нысандар бойынша анықталған қажеттілікке бос тұрған ғимараттарды сатып алу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы шешу мәселесі қарастырылуда. Мүдделі органдармен бірігіп жергілікті бюджет кірістерін ұлғайту қолға алынды. Нәтижесінде, жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдер көлемін өткен жылымен салыстырғанда кем дегенде 2 миллиард теңгеге өсіру жоспарланды.
Сондай-ақ, облыс аумағында пайдалы қазбаларды өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылармен кездесулер өткізіліп, оларға өз қызметін облыс аумағында заңдастыру талаптары қойылды. Сол арқылы жергілікті бюджетке қосымша 500 миллион теңге шамасында міндетті салықтық түсімдер түсетін болады.
Бұдан бөлек облыс аумағында мемлекеттік меншіктегі 31, жекеменшіктегі 55 ғимараттың пайдаланылмай тұрғандығы анықталып, оларда өндірістік қажеттілікке жарату бойынша жоспар әзірлену үстінде.
Өнеркәсіп
Өңірдегі өнеркәсіпорындардың дамуына тың серпін жасау мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, талдау жүргізілді, арнайы Карта әзірленді. Бұл жұмыстардың барысында 723 кәсіпорынның жұмысы зерделеніп, сауықтыруға жататын 32 кәсіпорын аймақтық Картаға енгізілді. Сәйкесінше ол кәсіпорындарға мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында қаржылай және қаржылай емес қолдаулар көрсету шаралары дайындалды. Сондай-ақ, өндірістік нысандарды мамандармен қамтамасыз ету мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін таппақ.
Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудандарда индустриалды аймақтарды құру мәселесі зерделеніп жатыр.
Шағын кәсіпкерлерге берілетін несие көлемі 4,6 миллиард теңгеге жеткізілді.
Сондай-ақ, жергілікті билік тарапынан шағын және орта бизнес өкілдеріне жан-жақты қолдау білдіру шараларына көңіл бөлінуде. Айтарлық, аудандардағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының Ережесі бекітілмей, оған қоса штат саны ұлғаятын болды. Сол сияқты инвесторларды қолдау орталығының да штаттық кестесі қайта қарап, оның жұмысын жүйелеуге бюджеттен 4,6 миллион теңге бөлінді.
Энергетика
Аймақтарды дамыту бағытындағы жұмыстардың негізгі үлесі энергетика саласы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сәйкесінше, Әулиеата өңірінде есепті кезеңде бұл сала бойынша 24 жоба қолға алынып, оның 11-інде нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Тараз қаласында 3 қосалқы станциясының құрылысы жүргізіледі. Сол арқылы облыс орталығына жаңадан қосылған тұрғын алқаптары электр энергиясымен толықтай қамтамасыз етіледі. Ал жылумен қамту ісінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын 3 жоба қолға алынады.
Биыл Талас пен Сарысу аудандарында 9 елді мекені газдандырылмақ. Одан бөлек маусым айында Т.Рысқұлов ауданындағы «Арай» тұрғын алқабына газ келтіру тарту жұмыстары аяқталады. Сол арқылы облыстағы газдандырылған елді мекендердің үлесін 49 пайызға жеткізу жоспарланған. Жалпы, өңірде газдандырудың кешенді бағдарламасы дайындалып жатыр. Аталмыш бағдарлама аясында 2018-2025 жылдары облыстағы 173 елді мекен тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді.
Көп қабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары қарқын алып келеді. Биылдан бастап облыстық бюджет есебінен 20 үйді күрделі жөндеуге 945 миллион теңге қарастыру жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы
Өңір басшысы ауыл шаруашылығына ерекше назар салып отыр. Ағымдағы жылдың I тоқсанында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 21,5 миллиард теңгені құрады.
Әсіресе, егістік алқаптарын ұлғайтып, жер игеруді тиімдірек етуге баса назар аударылып отыр. Осылайша, биылғы жылы 650 мың гектарға дақыл егу жоспарланып, өткен жылмен салыстырғанда 19,7 мың гектарға ұлғайтылмақ.
Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күні 115 510 гектар жер жыртылып үлгерді.
Бұл ретте, шаруашылықтардың қажетті техниканы және жанар-жағармайды уақтылы ұйымдастырылып отыр. Нәтижесінде, былтырғыға қарағанда, биыл көктемгі егіс жұмыстары 2 есеге дейін жылдам жүруде. Сондай-ақ, егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 800 миллион теңге қарастырылып отыр. Шаруалардың тыңайтқыш алу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 3 есе ұлғайды.
Қант Корпарациясымен шалғай орналасқан аудандар үшін тәтті түбірге төленетін баға өсірілді.
Облыста 11 тұқым шаруашылықтары жұмыс атқаруда. Дегенмен, аймақты ішкі тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында, қосымша 8 тұқым шаруашылығын ашу қажеттілігі анықталды. Одан бөлек, жұмыс жасап жатқан шаруашылықтарға талап күшейтілді.
Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жұмысын қолға алу бойынша 2017 жылы облыста 37 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланса, бүгінгі күні 48 кооператив құрылды. Алдағы уақытта жұмыс істеп тұрған кооперативтердің жұмысын ұйымдастыру және жүктемелігін қамтамасыз ету үшін (өндіріс көлемін ұлғайту) әрбір ауылшаруашылығы кооперативі бойынша нақты іс-шаралар жоспары дайындалды.
Жалпы облыстың агроөнеркәсіп кешенін үдемелі даму сатысына келтіру мақсатында 7 бағытта салалық Карталар әзірленді. Бұл карталарда 2018 жылдан 2021 жылға дейін нақты қол жеткізілетін көрсеткіштер және ол көрсеткіштерге жетудің нақты іс-шараларын қамтиды.
Ветеринария
Ветеринариялық пункттерді қызметтік үй-жаймен қамту мәселелесін шешу мақсатында 21 ветеринариялық лазареттің (пункттің) құрылысын мемлекеттік–жекешелік әріптестік арқылы соғу қолға алынып, тиісті құжаттары рәсімделуде. Сонымен қатар, бөлінген 159,3 миллион теңгеге 31 ғимарат сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Табиғатты қорғау
Жергілікті билік өз жұмысында жанға-дауа, дертке шипа саналатын Жамбылдың тұмса табиғатын қорғау шараларына да басымдық бермек.
Бұл орайда, табиғатты қорғау саласында бірқатар жобалардың іске асырылатынын атап өткен жөн. Мәселен, Тараз қаласының сарқынсуларын тазартатын кешен құрылысын салу үшін техникалық экономикалық негіздемеге 35 миллион теңге бөлінді. Одан бөлек өңірдегі экологиялық жағдайды бақылау үшін жылжымалы зертхана сатып алу жоспарланды.
Сондай-ақ, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сай Байзақ ауданындағы 19 су қоймасы мен су бөгеті, Меркі ауданындағы 3 су қоймасы «Жамбыл Су қоймалары» коммуналды мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне алынды. Қазіргі таңда Талас ауданындағы 10 су қоймасы мен бөгетін аталған мекеменің теңгеріміне алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін су тасқынының алдын алуға каналдарды тазарту жұмыстарының өз уақытында жүргізілмеуі өз әсер тигізіп келген-ді. Ендігі кезекте бұл мәселенің шешімін табуға механикалық отряд жұмылдырылады. «Талас-Аса» коммуналды мемлекеттік мекемесінің базасында құрылып, жатқан отрядтың материалдық-техникалық базасына облыстық бюджеттен 693,6 миллион теңге бөлінді. Механикалық отряд көмегімен облыстың коммуналдық меншігінде су шаруашылығы жүйелері, қоймалар мен су бөгеттеріне жедел, тиімді жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Табиғатты қорғау саласын орман өрттерінің алдын-алудың маңызы зор. Сондықтан да, орманмен көмерілген аумақтың жалын шарпымауы қатаң бақылауға алынады. Ағымдағы жылы өңірдегі орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникаларын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен 186 миллион теңге қарастырылған .
Жылдар бойы жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырып келген «Қазфосфат»-тың фосфогипсті кәдеге жарату бойынша да мекеме басшылығымен келісім жасалып, нақты шаралар қолға алынады.
Жер қатынастары
Жер ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша арнайы талдау жүргізілді. Нәтижесінде, қолданыстан шығып кеткен 200 мың гектарға жуық егістік жерлерді қайта айналымға қосу бағытында облысы бойынша 1991-2016 жылдары аралығында 186 мың егістік жер ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыстырылғандығы анықталды. Қазіргі таңда сол алқаптардың жарамды жерлерін ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша қайта егістікке ауыстыру жөнінде жоғарыда айтылған Картаға түсірілді. Облыс бойынша, бірінші кезекте, 32 мың гектар жайылым жерлерді қайта егістікке ауыстыру жоспарлануда. Сондай-ақ, босалқы жерлер санатындағы 1,5 миллион. гектардан астам жайылым жерлердің 753,4 мың гектары жайылымға жарамсыздығы анықталатын болды. Жер қатынастар саласында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің заңсыз бөлуге шектеу қойылды.
Жерді қашықтықтан зондтау жүйесін облыс аумағында толық қолданысқа енгізу жұмыстары қолға алынды.
Құрылыс, көлік саласы
Ағымдағы жылы құрылыс саласына 25,1 миллиард.теңге бөлініп, оған 91 нысанның құрылысын жүргізу, 24 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және 118 ауылдық елді-мекеннің жер асты су қорларын анықтау жоспарланған.
Алайда, бұрын жасалған, бекітілген 133 ЖСҚ құндары қайта қаралып, орта есеппен 18 миллиард теңгеге жуық қаражат үнемделгелі отыр.
Облыстағы құрылыс саласының негізгі қарқыны автомобиль жолдарының құрылысын жүргізуден көрінеді. Биылғы жылы өңірде 400 шақырым жолды орта жөндеу жоспарланған. Сонымен бірге, облыста тарихи-мәдени орталықтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да қолға алынуда. Ағымдағы жылы Жамбыл ауданындағы «Әулие бастау» туристік нысанына алып баратын жол орташа жөндеуден өтіп, Жуалы ауданындағы «Қаралма» таулы-сауықтыру кешені, «Баласағұн», «Шәушен» сынды туристік нысандарға жол салу жайы қарастырылып жатыр.
Сәйкесінше, 3 жыл ішінде қалалық қоғамдық жолаушылар тасымалдау көліктері толығымен жаңартылмақ. Сонымен қатар, тұрақты қалалық автобус бағыттарында жолаушыларға қызмет көрсету мәдениеті мен сапасын арттыру мақсатында 50 автобусқа автоинформатор орнатылған.
Сондай-ақ, қалалық бағыттардағы автобустарды келешекте газға көшіру жоспарлануда. Қаладағы қоғамдық көлікпен көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында арнайы рейдтер ұйымдастырылып, талапқа сай емес 22 көлік тоқтатылды. Жұмыстар жалғасуда.
Архитектура
Облыс орталығының өзіндік сәулеттік келбетін қалыптастыруға айрықша ден қоятынын мәлім еткен Асқар Исабекұлы бұл бағыттағы жұмысты қала құрылысы Кеңесін құрудан бастады. Кестеге сай 9 рет (апта сайын) бас қосқан кеңес мүшелері Тараз қаласындағы 41 мәдени-демалыс нысанының жобасын қарап шығып, оларды жаңғырту, жаңадан салу бойынша жұмыстың ауқымын межеледі.
Кеңес шешімімен бүгінде Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ пен Желтоқсан, «Атшабар» гүлзарларын қайта жаңғыртудың жобалары әзірленді.
Саябақтарды қайта жаңғыртудан бөлек Тараз қаласында «Салтанат» сарайы, «Неке сарайы», «Өлке тану» мұражайы, Көркем сурет галлереясы, Қолөнер шеберханасы, «Шахристан» этно-тарихи кешенінің, Талас өзенінің бойында демалы орны құрылысы жоспарлануда.
Облыс орталығы көшелеріндегі ала-құла жарнамалардан арылып, олардың көркемдік деңгейін бақылауда ұстау мақсатында арнайы «Архитектуралық бюро» мекемесі ашылды.
Әлеуметтік сала
Облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейінің сапасын және әл-ауқатын арттыру – өзекті мәселе. Өйткені, Елбасы өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында аталмыш жайттарды дамыған елдер қатарына қосылу үшін шешілуі қажет маңызды міндеттер деп атап, алдыңғы қатарға қойып келеді. Асқар Исабекұлы да бұл саладағы түйткілдерді шешуге баса назар аударып отыр. Бұл мақсатта өңір басшысы жұмыспен қамту, әлеуметтік қызмет қөрсету мен көмектің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелеу бойынша нақты тапсырмалар берген еді.
Нәтижесінде, сапалы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру мақсатында облыста бірқатар жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, облыс тұрғындарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің 2018 жылға арналған Кешенді жоспары бекітілді. Аудандар мен Тараз қаласының қол жеткізуі тиіс ай сайынғы нақты көрсеткіштер межеленді. Жүйелі жұмыс өз нәтижесін беріп, үстіміздегі жылдың 1 тоқсанында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 6 565 адам қамтылды.
Жұмыссыздықпен күрес, нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтарды жұмыспен қамту бағытында да жоспарлы жұмыс бар. Оның аясында биылғы жылы техникалық және халыққа кызмет көрсету салаларына қатысты 47 мамандық бойынша 4100 адам қысқа мерзімдік оқытудан өтеді деп жоспарланып отыр.
Бұл бағытта «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» да өз шарапатын тигізуде. Әсіресе, бағдарламаның 2-ші бағыты аясында ауыл тұрғындарына несие беруге барлығы 2,6 миллиард теңге және қалада шағын несие беруге республикалық бюджеттен 235,5 миллион теңге қаралатын болады.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында биылғы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілгені белгілі.
Аталған әлеуметтік көмек көрсетуге облыста барлығы 3,5 миллиард теңге қаралған. Осы орайда, облыс әкімі қаражаттың шашауын шығармай, тиынына дейін тиісті мақсатта жұмсауды қадағалаудың мониторинг жүйесі енгізілді.
А.Мырзахметовтың бастамасымен оңалту орталықтарының желісін дамыту және көрсетілетін оңалту шараларының сапасын жақсарту жұмыстары қолға алынды. Оның аясында Сарысу, Байзақ, Жуалы мен Меркі аудандарында психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл апапарттары бұзылған мүгедек балаларға шағын үйлер ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 120 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілуі жоспарланып, оған тиісті қаржы бөлінді.
Еңбек қатынастары
Еңбек қатынастарындағы даулы мәселелер көп күттірмей шешілуі тиіс. Бұл облыс әкімінің аталмыш бағыттағы ұстанып отырған негізгі принципі. Сол себепті, өңір басшысының хаттамалық тапсырмасымен еңбек ұжымдарында еңбек дауларын алдын алу мақсатында «Ыстық нүкте» картасы әзірленді. Аталмыш картаға жұмысшыларына жалақы төлей алмай, қарыз болған және осы іспетті жағдай орын алу қауіпі бар 7 кәсіпорын енгізілді. Нәтижесінде, «Talas Investment Company», «Мекен-жай Тараз», «Жамбылгипс», «Таразтрансэнерго» кәсіпорындарымен жұмыстар жүргізіліп, жалпы көлемі 21,5 миллион теңге жалақы қарыздары толық көлемде өтелді. Сондай-ақ, тізімдегі өзге компанияларының жалақы қарыздары анықталып, міндетті нұсқамалар беріліп, әкімшілік шаралар қолданылды.
Сол секілді, облыс әкімі аймақта міндетті зейнетақысы жоқ жалдамалы жұмысшылардың жалпы санын анықтап, олардың еңбек қатынастарын заңдастыруды тапсырған еді. Тапсырмаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар үй-үйді аралау арқылы аталған санатта 63 828 азаматтың барын анықтап, оларың еңбек қатынастарын заңдастыру бойынша жұмыстар жүргізді.
Білім беру
Қол жеткізген жетістікке тоқмейілсімей, жамбылдық жастардың білім деңгейін жаңа сатыға көтеруге көңіл аударылып отыр. Бұл мақсатта Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «2018-2020 жылдарға арналған цифрлық экономика үшін адами капиталды дамыту жөніндегі Жол картасына» сәйкес келер оқу жылының басында 7-11 сынып оқушыларына арналған облыстық мамандандырылған ІТ лицей-интернатын ашу жоспарланды.
Лицейде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер, логика, робототехника, ақпараттық технологиялар, дизайн және бағдарламалау тереңдетіліп оқыту мүмкіндіктері қарастырылуда. Мектептердің 30 пайызын робототехника кабинеттерімен жабдықтау мақсатында 353,4 миллион. теңге қарастырылды.
Білім саласындағы бірқатар мемлекеттік қызмет түрлері автоматтық жүйеге өткізілмек.
Өңірлік деңгейде кәсіптік-техникалық білім берудегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру жөнінде арнайы Ереже әзірленіп, бекітілді. Ережеде аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің міндеттері, мемлекеттік тапсырыс иегерінің (грант иегері), кәсіпорын және орта арнаулы оқу орнының міндеттері айқындалды.
Еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, аудандар мен Тараз қаласы әкімдері жеке қолдарымен рәсімделген мәліметтері негізінде колледждерде мемлекеттік тапсырыстың орналастырылуы жүзеге асырылатын болады.
Колледждердің мемлекеттік және ақылы түрде білім алушылар үлесіне, түлектердің соңғы 3 жыл көлемінде тұрақты жұмыспен қамтылуына, оқытушылардың сапалық құрамына және меншік нысанына қарамастан колледждердің жобалық қуаттылығы мен материалдық-техникалық базасына талдау жасалып, олардың рейтингісі қалыптасуда.
Облыс көлемінде ауылшаруашылық және техникалық бағыттарда заманауи материалдық базамен қамтылған базалық екі колледж құру мақсатында, Құлан ауылшаруашылығы мен Жамбыл политехникалық жоғары колледждерінің жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда.
Денсаулық сақтау
Бұл салада, бірінші кезекте, назар аударылатын мәселе, ол- ауылды жерлердегі алғашқы медициналық қызмет. Осы орайда талдау жүргізілді, нәтижесінде 82 елді мекенде бұл мәселенің өзектілігі анықталды. Ал, бекітілген бюджетте небәрі 9 ғана нысан жоспарланған. Мәселені тездетіп шешу үшін биыл қосымша 30 нысанның құрылысын шешу жолдары белгіленді.
Тілдерді дамыту
Қордай ауданы тұрғындарының Қасық ауылын Әлжан ананың есімімен қайта атау туралы ұсыныстары облыстық ономастикалық комиссиясында оң шешімін тапты.
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөнінде облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Латын графикасына негізделген қазақ жазуын насихаттауға және жаңа әліпбиді түсіндіруге бағытталған 3 әлеуметтік жоба жарияланды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанынан Латын әліпбиін үйрету оқу-әдістемелік кабинеті ашылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудандар мен Тараз қаласы әкімдері арасында тіл саясаты мен ономастика саласын дамыту бойынша келісімдер жасалып, нақты жұмыстар жүргізілуде.
Мәдениет
Өңірде халықтың рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру мақсатында бірқатар айтулы шаралар іске асырылуда. Асқар Исабекұлы бірінші кезекте тарихи ескерткіштерімізді жаңғырта отырып, мәдениетіміз бен тарихымыз тереңнен арқау тартатындығын таныту бағытындағы жұмыстарды қолға алуға басымдық беріп отыр.
Осылайша, Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны ортағасырлық Тараз қаласының айналасында көптеген қалалар мен қорғандар, қамалдар мен керуен сарайлары бар. Соларды саралай келе, бұрын көп зерттелмегендерін жаңғырту қолға алынды. Атап айтқанда, Жамбыл ауданы Бектөбе ауылындағы ортағасырлық Бектөбе қалажұртында кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу көзделуде. Ескерткішті болашақта туристік нысан ретінде қалыптасуына мүмкіншілігі зор. Ол «Көне Тараз» археологиялық паркі, Қарахан, Айша Бибі нысандарымен бірігіп біртұтас туристік бағытты құрайтын болады. Сонымен бірге, Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне облыстан енген 8 тарихи-мәдени ескерткіштер айналасында нақты жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ Қазақстанның жергілікті мәндегі өңірлік қасиетті орындарының картасына Жамбыл облысынан 27 ескерткіш ұсынылды.
Өңір тарихын ұлықтауға «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» жобасы сеп болмақ. Жоба аясында бағдарламаның мақсатына сәйкес, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген нысандардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары архивтік құжаттары және аңыз әңгімелері жинақталады. Жинақталған материалдар негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы және кітап-альбомы дайындалады. Дайын болған карталар мен кітап-альбомдар баспадан шығарылады, ғаламтор желісіне «Сакралды картаның» 3D форматы және галограммасы енгізіледі.
Қазіргі таңда, Әулиеата өңірінің сериялы көптомдық әдеби энциклопедиясын шығару жоспарланып отыр. Аталған жоспарды жүзеге асыру мақсатында ақылдастар алқасы мен арнайы топ жұмыс жүргізуде. Жоба аясында кітапқа керекті тың деректер алу үшін М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен шығармашылық байланыс орнатылды. Сонымен қатар, Өзбекстан мен Қырғызстанның дерек көздерінен тарихи құжаттар жинақтау бағытында жұмыстар жүргізілетін болады. Көптомдылық энциклопедияның алғашқы 5 томы биыл жарық көреді. Қалғаны 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады. Сондай-ақ, «Тараздан шыққан Таразилер» кітабын шығару қолға алынып отыр.
Келешекте ауылдық кітапханалар, клубтар, «коворкинг» орталықтарына айналмақ. Ауылдық кітапханалар жанынан ақпараттық орталықтар ашу мүмкіндігі қарастырылды. Қазіргі уақытта 29 кітапхана мобильді стандартқа көшуге дайын.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі, Жамбыл облысы әкімі, «Қазақстантеміржолы» ҰҚ және арасында Юнесконың Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген «Ақыртас» кешенін және осы өңірдегі өзге де тарихи-мәдени мұра нысандарын туристік орталыққа айналдыру туралы үш жақты меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылы соңына дейін бірқатар халықаралық, республикалық іс-шаралар жоспарланған. Атап айтсақ, «Көне Тараз жаңғырығы. Еуразия мәдени көпірі» атты Қазақстан-Италия көрмесі, Астананың 20 жылдығы, Өзбекстанның Қазақстандағы жылы және Ықылас Дүкенұлының 175 жылдығы өткізілмек.
Алдағы жылдары «Ежелгі Тараз» ашық аспан асты мұражайы кешенінің «Шахристан» бөлігінде ортағасырлық үлгідегі бірнеше мәдени нысан соғылатын болады.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі басқа ғимаратқа көшіріледі. Сондай-ақ, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығы «Жамбыл атындағы музей» болып ашылып, «Руханият» орталығына жаңа заманауи үлгідегі ғимарат соғу мәселесі қолға алынды. Жоғарыда айтылған жұмыстардың басым көпшілігі басталып кетті.
Атқарылған және үстіміздегі жылы жүзеге асатын нақты істердің бәрі Елбасының Жолдауында айтылған қағидаларды жүзеге асыру, рухани байлығымызды асқақтатып, мәдениетімізді көтеріп, тарихымызды тануға, сананы жаңғыртуға жол ашатыны сөзсіз.
Туризм
Жуырда туристік саланы нығайту, оның дамуына қолайлы жағдайлар жасау, туризм саласындағы басым бағыттарды анықтау және оны дамыту, сондай-ақ туристік салада жаңа кәсіпкерлік субъектілерін дамытуға жағдай жасау және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында жеке құрылым – облыстық туризм басқармасы құрылды.
Арнайы туристік аймақ құру мақсатында Жуалы ауданының «Көксай» шатқалында тау-шаңғы туристік базасын салу бойынша инвестициялық жоба әзірленіп, бүгінгі күнде оны іске асыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Жобаның негізгі мақсаты – сапалы жаңа инфрақұрылымы және келетін туристердің барлық талаптарын қанағаттандыра алатын қызмет көрсету сервисі бар, жыл бойы жұмыс істейтін демалыс базасын құру. Жобаға қажетті 150 гектар жер телімі бөлінді. Болашақ курорттың құжаттарын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 28,5 миллион. теңге қаржы бөлінді.
Спорт
Халықтың денсаулық сапасын жақсартуда бұқаралық спортты дамытудың маңызы зор. Бұл ретте, облыста жүйелі жұмыстар жасалып келеді. Бүгінде бұл көрсеткіш 320 мыңнан астам адамға жетті.
Бұдан бөлек, алдағы екі жыл ішінде бірқатар спорт нысандарының құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бірінші кезекте сұранысқа ие спорт нысандарының қажеттілігі анықталды және салынатын спорт нысандарының құны ықшамдалып, тиімділігі қаралды.
Тараз қаласында жеңілатлетикалық манеж, гимнастикаға арналған спорт кешені, 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу жоспарланды. Облыс бойынша 37 спорттық алаңша салынбақ. Бұдан бөлек, демеушілер күшімен Тараз қаласында 13 спорттық алаңшаның құрылысы қосымша жүргізілетін болады.
Ішкі саясат
Облыста ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын, «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін түсіндіру бойынша тиісті шаралар өткізілуде.
Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша 78 кіші жоба жүзеге асуда. «Қазақстанның сакралды географиясы» тізіміне 8 тарихи орын енгізілді.
«Туған жер» арнайы жобасы бойынша облыс азаматтары туған жерлеріне демеушілік көмек негізінде елге қажетті нысандар салып беруде. Жалпы, жыл соңына дейін акция аясында меценаттар тарапынан құны 3,1 миллиард теңгеге 40-қа жуық әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілуі жоспарлануда.
«Тәрбие және білім» бағдарламасы бойынша оқу орындарында «Рухани жаңғыру» кабинеттері ашылуда. Ағымдағы жылы 5-7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығы басып шығарылатын болады.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының облыстағы 8 жеңімпазын халыққа кеңінен насихаттау, қоғамдық жұмыстарға, іс-шараларға кеңінен тартылып, олармен шеберлік-сыныптар өткізілуде. Жергілікті баспа басылымдарында «Менің жолым», «100 жаңа есім» айдарларымен мақалалар жарияланып, әлеуметтік желілерде роликтер көрсетілуде.
Қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша жоғары оқу орындарында латын әліпбиін оқытатын арнайы кафедралар ашылып, «Латын әліпбиінің негіздері» арнайы оқыту курстары енгізілді. Латын әліпбиін үйрету мақсатында жергілікті телеарналарда «Жаңа әліпбиді бірге үйренейік» телебағдарламасын ашу жоспарлануда.
Облыста мемлекеттік бағдарламарды жүзеге асыруда, аймақтың дамуы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында оң имидж қалыптастыруда, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақты бақылауда ұстауға және шиеленіс тудыруы мүмкін өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешу жұмыстары маңызды болып отыр. Осы ретте, ішкі саясат саласы бойынша тиісті міндеттер айқындалды.
Сонымен бірге, әлеуметтік шиеленісті болдырмау, тұрғындардың наразылық тудыруы мүмкін өзекті мәселелерін анықтау бақылауға алынып отыр.
Ағымдағы жылдың І тоқсанында қоғамдағы саяси ахуал бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, қоғамдық саяси ахуал тұрақтылығы 91,3 пайыз, мемлекеттік және жергілікті билікті қолдау деңгейі 96 пайызды құрайтыны анықталды. Осы мақсатта аудандар мен Тараз қаласы бойынша облыс тұрғындарына алаңдаушылық туғызатын түйіткілді мәселелердің дерекқоры жасалынып, «Ыстық нүктелер» картасы құрылды. Аталған карта аясында мәселелерді шешу жолдарын айқындау үшін облыстық іс-шаралар жоспары дайындалды.
Өңірдегі өзекті мәселелерді және тұрмыстық проблемаларға жедел әрекет ету мақсатында арнайы «Қоғамдық бақылау» сайтын ашу жоспарлануда. Жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс есебінен жүзеге асырылып, аталған интернет ресурс арқылы тұрғындар облыс әкімдігінің басқармалары, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері және облыстық депутаттарына сауалдарын жолдап, кері байланыс орнату тетігін қалыптастыру көзделуде.
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған Орталық ашу бойынша жұмыс аясында «Азаматтық орталықтың» қызметін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Аталған жобаға облыстық бюджеттен 10 миллион теңге қарастырылды.
Атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі түрде тұрғындарға жеткізіп отыру үшін арнайы «Баспасөз орталығы» ашылды, онда тұрақты брифингтер өткізілуде.
Жастар саясаты
Жастардың жай күйі де жергілікті биліктің жіті назарында. Облыс әкімінің тапсырмасына сай салалық басқармалар мен мемлекеттік, коммерциялық мекемелер арасында өңір жастарын жұмыспен қамту, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несие беру бойынша келіссөздер жүргізілді. Осы келісім аясында ағымдағы жылы 12003 жасты жұмыспен қамту межеленіп отыр. Сондай-ақ, Тараз қаласы мен аудан әкімдері өз жұмыстарында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қызметін жүйелеуге басымдық береді. Бұл орайда 839 жас еңбек жасақтарының сапында жұмысқа тарту жоспарда бар.
Жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бірлескен жұмыстардың да тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама аясында биыл облыс жастарының 53,5 пайызын бұқаралық спортқа тарту жоспарланған.
Жас кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын несиелендіру бойынша «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалымен келіссөздер жүргізілді.
Тараз қаласы
Жыл басында Жамбыл облысына әкім болып келген Асқар Мырзахметов әсіресе, облыс айнасы–Тараз қаласының кескін-келбетіне баса назар аударды. Әрине, әуелгі жұмыстар қала құрылысы кеңестерін жүргізуден басталды. Аталған кеңес жұмысының нәтижесінде қалада бірқатар жұмыстар қолға алынып, бүгінде құрылыстар қарқынын алды. Асқар Исабекұлы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын жаңғыртудан бастады. Айта кетерлігі, ондағы жаңғырту жұмыстары бір жақты көзқараспен жоспарланып, жасалынып жатқан жоқ. Жұмысты бастамастан бұрын шаһар тұрғындарының да пікірлері назарға алынып, ұтымды ұсыныстары ескерілді. Жеті рет өлшеніп, бір рет кесілген осынау ілкімді істің арқасында қазір саябақ жаңаша кейіпке енуде. Ондағы басты ерекшелік Ұлы Отан соғысына қатысты Тараз қаласының әр аумағында орналасқан ескерткіштің барлығы батыр бабамыздың атындағы саябаққа орналастырылмақ. Мәселен, алдағы уақытта облыстық драма театры алдындағы Б.Момышұлының еңселі ескерткіші осында көшіріледі. Сондай-ақ қаланың орталығында орналасқан Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішіде осы саябаққа әкелінбек. Бастысы, Былғары комбинаты аумағындағы «Мәңгілік алау» осында орналасатын болады. Бұдан өзге Б.Момышұлы және соғыс ардагерлеріне арналған мұражайдың (Данқ мемориалы) жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Яғни ол да осы саябақтың ішіне көрік бере отырып, саябақтың мазмұнын арттыра түсетіні анық. Аталған саябақта Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгердің есімдері мәрмәр тасына қашалып жазылады. Бүгінде олардың есімдерін анықтау, зерделеу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Нәтижесінде, бастапқыда айтылғандай 68 мың жауынгер емес, 100 мыңға жуық жауынгердің есімі анықталып отыр екен. Бұл жұрт болып жұмылып жасай білген жұмыстың нәтижесі. Сонымен қатар саябақ маңында орналасқан «Үшбұлақ» каналының жағасы аббатандырылып, тұрғындардың демалуына жағалау жасалынады. Тағы бір айта кететін жайт, саябақтың басты кіре берісі орналасқан І.Жансүгіров көшесіне тағы бір жолақ қосылып, көше кеңейтілді. Осы аталған көшемен Қ.Тұрысов көшесінің қиылысына қосымша бұрылыс бөлігі салынуда. Жамбылдықтар алдағы 9 мамыр мерекесін осы саябақта атап өтпек. Сонымен қатар осы саябақтың қарсы бетінде орналасқан «Еуразия» кинотеатры мемлекетке қайтарылып, онда жастар орталығы орналастырылмақ. Мұның өзі аталған саябақтың сәнін кіргізе түсетіні анық. Сонымен қатар қаладағы «Мамыр», ҚР Тұңғыш Президенті атындағы және Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтарына жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Соңғы аталған саябақтағы Халық қаһарманының ескерткіші ауыстырылып, орнына оның рухты бейнесі бейнеленген жаңа ескерткіші қойылмақ және желтоқсанға арналған орталық ашылмақ. Әрине, ондағы жұмыстың барлығы қала тұрғындарының пікірімен санасып, іске асып жатқан шаруалар. Өйткені, қашанда келісіп пішкен тонның келте болмайтыны белгілі. Сондықтан осы бағытта облыс әкімінің ұстанған бағыты көптің көңілінен шығуда. Бұдан өзге мөлтек аудандардың ортасында орналасқан «Зербұлақ» көлінің де айдыны тазартылып, жағасы абаттандырылып, тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай жасалынып жатыр.
Сүлейменов көшесінің бойындағы «Атшабар» скверін және Темір жол вокзалы алдындағы аллеяны қайта жаңғырту жұмыстарыда күн тәртібінің кезек күттірмейтін мәселелерінің біріне айналып, жұмыс жанданып келеді.
Аймақта жаңа қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 8 бастама айқындалып отыр. Атап айтқанда, облыс орталығындағы 5 көшенің қиылысына «ақылды бағдаршамдар» орнатылатын болады. Яғни, олар Балуан Шолақ-Жібек Жолы, Жібек жолы-Самарқанд, Төле би-Әл-Фараби, Абай-Ташкент, Төле би-Аққозиев көшелерінің қиылысы. «Аса» мөлтек ауданындағы 5 ауланы «ақылды жарықтандырумен» қамту, «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру жолымен электронды картасын жүйелендіру, жолаушылар маршруттарын GPS-навигациялау сайтын жетілдіру және жаңғырту сынды ілкімді істер іске аспақ. Сондай-ақ «Қауіпсіз Тараз» жобася аясында қалаға тағы қосымша 178 бейне бақылау камералары орнатылуда.
Тұрғын үй мәселесі де өз жалғасын тауып, жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығару жолымен Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта әрқайсысы 80 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы биылғы жылы аяқталып, пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ, «Арай» тұрғын алқабындағы 80 пәтерлі 1 тұрғын үй және «Бәйтерек» мөлтек ауданында 100 және 60 пәтерлі 2 арендалық тұрғын үйдің құрылысы ағымдағы жылы бітеді. Және Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта 205 жер телімінде жеке құрылысшылар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылысы жүргізілетін болады. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы облыс әкімінің қадағалауында.
Өңір басшысының облыс орталығына қатысты жоспарлары көптің көңілінен шығып отыр. Мәселен, бұрынғы «Шахристан» базарының орнынан этно-тарихи кешен салу жоспарланып отыр. Ол жоспар бойынша аталған кешенде екі әкімшілік ғимарат бой көтермек. Оның бірі неке қию сарайы болса, екіншісі 1500 келушіге арналған салтанат сарайы болады. Спорттағы талай дүлдүлдерді түлеткен біздің өңір үшін қолдау алдағы уақытта да жалғаса береді. Таяу арада «жеңіл атлетика» манежінің құрылысы жоспарлануда. Айта кетерлігі, бұл жоспалар бойынша бүгінгі күні инвестициялық ұсыныстар назарға алынып, жобалық сметалық құжаттары дайындалып жатыр екен.
Шындығын айту керек, Асқар Мырзахметов облысқа әкім болып келген бір тоқсан ішінде бірқатар істің басы шалынып, шаһар түрлене бастады. Бұл тұрғындардың берген бағасы.
Қаладағы бағдаршамдар мен жол бойындағы аялдама бір типке келтіріліп, тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге негізгі көшелерде заманауи көше белгілерін орнату жұмыстары қолға алынды.
Қала көркіне әсемдік беру үшін гүлденіп тұратын ағаштар мен гүлзарлар, отырғырзу және субұрқақтарды жетілдіру жұмыстары басталды. Жаяу жүргіншілер жолы мен мөлтек аудандарда әмбебап спорт алаңшаларын соғу жұмыстары да жүргізілуде. Ендігі мәселе қаладағы көпірлер мен аялдамаларды қазіргі заман талабына сай етіп жасау жұмыстары жоспарлан отыр.
Қаладағы өзекті мәселердің бірі қоғамдық жолаушылар тасымалдау қызметінің сапасы мен тиімділігі де зерделеніп, оны жақсарту бағытында да тиісті шаралар қабылдануда.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі