Асқар Мырзахметовтің Жамбыл облысына әкім болып тағайындалғанына 100 күн толды. Бұл қызметке келген күннен бастап жергілікті жұрттың назары саясатта салмақты орны бар, мемлекеттік қызметте мәртебесі жоғары жаңа басшыға ауған болатын. Оңтүстікті 6 жылдан астам уақыт басқарып, ауыл шаруашылығы министірі мен вице-премьерлік қызметті қатар атқарған Мырзахметов бұл жолы да өзіне жүктелген міндетті ұршықша иіріп әкетті.
2018 жылдың 10 қаңтары күні Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысына жаңа әкімді таныстырған болатын. Ол мемлекеттік қызметте оң имиджі қалыптасқан Асқар Исабекұлы. Жамбылды 4 жыл басқарған Кәрім Көкрекбаевтың орнына Мырзахметов тағайындалған сәтте әулиеаталық тұрғындар күдікті сырып, тек үміт артты. Оңтүстіктің тумасы үкілі үмітті арқалап алғашқы істі танысудан бастады. Барлық басқарма мен аудан әкімдерінің жоспарлы жұмысын тыңдап, кездесуді өзге форматта өткізді. Яғни, қағазға қатталған сандар мен сөздерге құлақ аспай, керісінше аймақтағы шаруаны өз көзімен көрген болатын. Аудан-қалаларды аралап, көтере алмас қылышты белге байлаған басшыларға сын да тақты. Шымбайға батса да, шындықты айтып Жамбыл өңірін бірлесіп көркейтуге шақырды.
Шағын бизнесті дамытуға тұсау салынып, ауылшаруашылығын жақсартуға мүмкіндік болмаған мәселелер су бетіне қалқып шықты. Сол жәйттерді анықтаған Мырзахметов Жамбыл аймағының әлеуетін жақсартуды мақсат етіп, тиісті қызметкерлерге тапсырма жүктеді. Тараз қаласының сәулетін келбетті етіп, саябақтарды жаңарту Асқар Исабекұлының жоспарлы жұмысы. Жамбылдың билігін қолға ұстағанына 40 күн толғанда Мырзахметов Әулиеатадағы ағайынның алдында есеп беріп, сол сәтте-ақ мақсатын жариялаған болатын. Байыппен жасаған баяндамасынан Оңтүстікке көршілес жатқан бұл аймақта алдағы уақытта әлеуметтік мәселелер жүйріктей жүйіткіп, жорғаламақ екенін байқадық. Міне, қызметке келгеніне бүгінде жүз күн толып отыр. Осы уақыттың аралығында өзінің қалыптасқан жақсы қасиетін жалғастырып, жұмысымен жұртты елең етіп үлгеріпті.
Мемлекеттік қызметте шындалған Мырзахметов Жамбыл облысындағы ардагерлердің көңілінен шығып, тізгінді мықтап ұстағаны қуантарлық іс. «Аттың жалы түйенің қомында» болған уақыт аралығында арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей жұмыс атқарғанын көпшіліктің пікірінен аңғардық.
Дотациялы аймақтың көшін ілгері ету үшін түзілген жоспар аз емес. Тарихи қаланың дәулетіне сәулетін сай етіп көркейтіп жатыр. Алдағы уақытта Жамбыл өлкесі дос көріп сүйсінетін, дұшпан көріп күйінетіндей кейіпке енсе таңырқамассыз. Себебі, аталған аймақты басқаратын Асқар Мырзахметов 2009-2015 жылдары Оңтүстікте әкім болып жүргенде-ақ іскерлігімен көзге көрінген болатын. Ел мақатаған жігітті, Жамбылдағы жұрт қолдаса игі іс жалғасын таппақ. Әулиеата атауымен атағы алысқа кеткен аймаққа әкім болып барған Асқар Мырзахметов 100 күнде жергілікті тұрғындардың көңілінен шығып, оң пікірге ие болып отыр. Білікті басшының алдағы ісіне абырой мен табыс тілейміз.