Облыста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының 1 жылдығына арналған кешенді көрме өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірде жүзеге асырылған жұмыстарының қорытынды көрмесін ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ көшпелі Пленарлық отырысына арнайы келген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Д.Кәлетаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев пен Пленарлық отырысқа қатысушы еліміздің көшбасшы жастары тамашалады.
Келушілер назарына Оңтүстіктегі киелі жерлердің тізіміне енгізілген тарихи-мәдени нысандар, мәдени іс-шаралардың түсірілген көркем анимациялық және деректі фильмдердің көрмесі мен белгілі қылқалам шеберлерінің шығармалары, қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары, мүсіншілердің мүсіндері, облыстың көркем жерлері бейнеленген фотосуреттер, сондай-ақ, ақын-жазушылардың кітап көрмесі мен ұлттық киімдердің үлгілері, Қазақстандағы 100 жаңа есім жобасына енген азаматтар туралы көрме ұсынылды.