Отырар ауданында соңғы жылдары топырақтың құнарлылығын арттыру, өнімділікті еселеу және тұзданған топырақты мүмкіндігінше сауықтыру арқылы қайта айналымға қосу жұмыстары мықтап қолға алынуда. Нәтижесінде биыл игерілетін егістік жер көлемі біршама ұлғайып, 28 мың 980 гектар аумаққа ауыл шаруашылық дақылдары егіледі деп жоспарланып отыр. Ал кезінде жүгері өсірумен аты шыққан аймақ соңғы жылдары нақ осы дақыл түрін молайту, қайта өңдеу жұмыстарына да басымдық беруде. Осыған сәйкес 2020 жылға қарай Отырар ауданындағы жүгері алқаптарының көлемін 15 мың гектарға жеткізу межесі күн тәртібінде тұр. Міне осы межені жүзеге асыру мақсатында тұзданған жерлерден де ғылыми негізде сапалы өнім алу ісі жолға қойылып келеді. Бұл бағытта бірнеше жылдан бері Оспанов атындағы топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе жұмыс жасап жатқан ауданда биыл 3мың гектарға ғылыми негізде жүгері дақылдары егілетін болады.
Абай Омар.