Қазірі таңда Қазақстанда банк секторындағы жағдай жеткілікті дәрежеде тұрақты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның Мәскеудегі меншікті тілшісіне ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Қазақстан Республикасы Ұлттық банк басшысы өз сөзінде экономиканы несиелеу мөлшері 1 ақпандағы жағдай бойынша 13 223,3 млрд теңгені құрағанын, депозиттік базада айтарлықтай өсім барын (0,6%) және оның мөлшері 16 779,8 млрд теңгеге жеткенін тілге тиек етті. Пробллемалы берешек (NPL) таргетті деңгейде (қарыз портфелінің 9,8 пайызы) сақталған.
Сонымен бірге, Д.Ақышев қайта құрылымдалған қарыз мөлшерімен байланысты, әлеуетті түрде проблемалы қарызға айналуы мүмкін тәуекелдер барын атап өтті. Ізінше, банктердің балансындағы проблемалы қарыздар Ұлттық банк ерекше назар аударып отырған негізгі тәуекелдердің бірі.
«Банктерді қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырғаннан кейін Ұлттық банк жоспарлы түрде секторды мығым түрде дамыту шараларына ден қояды. Ең бірінші кезекте, бұл келешекте несие беру кезінде қаржыны мақсатсыз қолдану мәселелерінің алдын алу және банктердің тарапынан жоғары деңгейде байқау саясатын жүргізу болып табылады. Біз бүгінгі таңда реттеуші провизиялардың механизмін қалпына келтіріп, банктерді МСФО 9 есеп беру жаңа стандарттарына бейімдеу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Екіншіден, Ұлттық банктің қадағалаушы мандатын күшейту жұмысы қолға алынады», — деді Д.Ақышев.
Ұлттық банк басшысы сонымен қатар, тәуекел ықтималдылығы зор саясат жүргізетін реттеуші банктер ескертпелі түрде әсер ету бойынша үлкен мүмкіндіктерге ие болу керектігін айтты.
«Бұл — банк секторында осыған ұқсас жағдайдардың қайталануына жол бермейтін, бағытында тәуекелі бар, қаржылық қызметтерді алатын тұтынушылардың мүддесін қорғауды күшейтетін қадағалаушы. Бұдан мемлекет те ұтады», — деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.