Бұгін Үкімет отырысында «ҚР тіл туралы» Заңы және Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 2017 жылғы нәтижесі қорытындыланды. Премьер-министр бағдарламаның өткен жылғы нәтижесі жаман емес екенін, дегенмен назар аударатын кейбір мәселенің барын атап өтті, деп хабарлайды Вaq.kz.
«Халыққа қазақ тілін ақысыз, тегін үйрететін курстардың белсенді жұмыстарын жандандыру қажет. Сонымен қатар өзге тілдерді оқытып, үйрететін оқу курстарының қолжетімділігін арттыру, оның ішінде интернет, арнайы ақпарат ресурстары арқылы үйретуге айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Бұл — Мәдениет және ақпарат минитсрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы», — деді Премьер-министр.
Ол тілдерді үйрену мен қолдануға және арнайы әдебиеттерді жарыққа шығаруға мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отырғанын, осыған байланысты халықтың арасында кеңінен сұранысқа ие заманауи оқу әдісі мен құралдарына сай балалар кітаптарын шығару керегін айта кетті.
«Екіншіден, қазақ тілінің латын графикасына көшіруді іске асыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізу қажет. Бұл туралы Арыстанбек Мұхамедиұлы айтып өтті. Әліпбиге кезең-кезеңімен көшу туралы тиісті іс-шаралар бекітілді. Осыған байланысты барлық мемлекеттік ұйым мен органға іс-шаралар жоспарының дер кезінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді Премьер-министр бүгінгі Үкімет отырысында.