Биыл ОҚО бойынша үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шаралары 350 мың гектардан астам аумақта жүргізіледі. Ал сол межелі аумақтардың 97 пайыздан астамы марокко шегірткесіне қарсы өңделеді. Себебі аталмыш зиянкес өңірімізде ең көп тараған шегіртке түріне жатқызылады. Айта кету керек химиялық өңдеу жұмыстарының 202 мың гектары жер үсті агрегаттарымен, 40 пайызға жуығы ұшақпен және 6 мың гектарға жуық алқап аспалы бүріккіштермен өңделеді. Бұл туралы ОҚО аумақтық инспекциясының басшысы Нұржан Кашкенов арнайы баспасөз жиынында мәлімдеді.
Тиісті жұмыстардың сапалы жүргізілуін бақылауға, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге 48 инспектор және 18 автокөлік бөлініп отыр екен. Ал өңделетін алқаптың негізгі бөлігі Сарыағаш Арыс, Шардара және Ордабасы аудандарына тиесілі. Химиялық өңдеу шараларын алдағы сәуір айынан бастап 20-25 күн ішінде толықтай аяқтау жоспарланған.
Айта кету керек шегіртке ошақтарын анықтау мақсатында аумақтық инспекция «фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» мекемесімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Сондықтан аталмыш мекеме филиалынан алдын ала анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жалпы саны 117 маман жұмылдырылған. Сонымен қатар аудан әкімдіктері тарапынан қосымша 277 анықтаушы қарастырылса, бұдан бөлек 50 жұмыс тобы құрылып отыр.
2016 жылы өңіріміздің бірқатар аудандарын шегіртке зиянкестері жайлап шаруаларды біраз әбігерге салған болатын. Яғни 500 гектарға жуық алқапқа залал келтірген шегірткелер талай диханның егістігін де шарпып өтті. Сондықтан биылғы жылы нақ осы жағдайдың қайталанбауы үшін аумақтық инспекция барлық қам қарекеттерге ертерек кірісіп, сапалы жұмыс атқаруға басымдық беріп отыр.
Абай ОМАР
Фото: ontustik.gov.kz.