Тәуелсіз Қазақстанның ең бір жарқын ұлттық мерекелерінің бірі Наурыз. Қазақтың дана ақындарының бірі Абай (1845-1904) Наурыз туралы қысқа болсада анықтама беріп кеткен: «Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен».
Кеңестік кезеңде Наурыз мейрамы туралы терең зерттеу жүргізген этнограф Дж. Кармышева болды. Ғалым сол кезде ғылыми әдебиеттегі және қазақ фольклорындағы өлеңдерді, этнографтар жинаған материалдардың едәуір бөлігін қарастырып талдап, қазақтың бұл мерекесінің ерекшелігіне назар аударады. Дж. Кармышеваның пікірінше, қазақтың Наурызы Орта Азияның кәсібі негізінен егіншілік болып табылатын халықтардың Наурызды тойлау дәстүрлерінен өзгеше,онда байырғы далалық дәстүр белгілері басым. Нақты айғақтар келтіре отырып, қазақ Наурызының тамыры өте тереңде жатқан мейрам екен деген қорытындыға келеміз. Наурыз туралы ана тілімізде алғашқы ғылыми мақалалар жазғандардың бірі Т.М. Өмірзақов пен О.Е. Ислямов бұл мерекенің өте көнеден келе жатқанына күмәнданбайды. Белгілі этнограф А.Тоқтабай шығыстанушы ғалымдардың Наурыз мейрамын б.э.б. VІ ғ. өмір сүрген Зороастр /Заратуштра/ жасаған деген пікірін алға тартады. Этнограф бір қазақ шежіресінде Наурызды Алашпен замандас екеніне назар аударады.
Зерттеушілер Наурыз өте көнеден келе жатқан мейрам деп санайды. Қазақ жерінде Наурызды қай кезден басталады деген сұраққа жауап іздеуде бағдар беретіндей кейбір археологиялық материалдар барына назар аудармақпыз. 1977 жылы биология ғылымдарының докторы П.И. Мариковский Ғылым Академиясы хабарларында Қазақстан жеріндегі көне астрономиялық құрылыстар атты зерттеуді (Мариковский П.И. О древних астрономических сооружениях на территории Казахстана // Вестник АН КазССР, 1977. №5) жария етті. Ол Алматы облысы және Орталық Қазақстанда тапқан тас құрылыстарды геологиялық буссоль және теодолитпен өлшемдер жүргізгенде оларда төрт бағытта жасалған белгілердің бірі дәлме-дәл 21 наурыз күні (күн тоғысы) Күннің шығатын бағытты көрсететінін, қалғандары күзгі теңесуге, яғни 21 қыркүйектегі, үшіншісі — 21 маусымдағы, төртіншісі — 21 желтоқсандағы Күн шығу бағыттарын белгілеп тұрғанын анықтады. Бұл құрылыстар зерттеушінің пікірінше б.э.б. VІІ-VІ ғасырдаларда мен б.э. V ғ. аралығында салынған деген қорытындыға келді. Аталған көне құрылыстар жыл басы Наурыздың уақытын көрсетіп тұруы оларды Наурыз мейрамын білді деген болжам айтуға негіз береді.
Қазақстан тарихына қатысты ортағасырлық деректерде Наурыз мерекесінің тойланыуы туралы мәліметтерді кездестіре алмадық. Алайда сол деректерде тікелей болмаса да жанама түрінде Наурыз мейрамы болғанын айғақтайтын дәлелдер барына назар аударғымыз келіп отыр. Бұған Жошы ұрпағы ішінде Наурыз есімді ұл мен қыздың, Дешті-Қыпшақ ханы Әбілқайырдың бір ұлының аты Наурызахмед, Едіге бектің ұлы Наурызбек аталуы айғақ бола алады.
Халық календарын зерттеуші М.Исқақов наурыз атауын «Қобланды батыр» жырынан тапқан мына жолдар:
Қаз жайлауын саз деймін,
Наурыздан соң жаз деймін,
……………………………………….
Көлден ұшқан қаздаймын,
Наурыздан соңғы жаздаймын» — Қобланды заманында да Наурыз болғанын қоштап тұрғандай.
Майор К.Миллердің Жонғарияға барған сапарының күнделігінде 1742 жылдың 16 қыркүйек күні Үйсіннің батыры, һәм биі Наурызбайдың аталуы, 1763 жылғы 13 қыркүйектегі Абылай сұлтанның хатында Наурызбай есімді қазақтың көрсетілуі, Нұралы мен Ералы хандарының хаттарында қызметкері ретінде Наурыз есімді азаматтың, тарихи деректерде Кіші жүздегі старшина Наурызәлі, Бұқар-жырау (1668-1781) шығармасында шапырашты Наурызбайдың аталуы басқа да осындай тектес есімдердің болуы Наурыз мейрамының сол кезде барының бір дәлелдері. Наурыз деп әдетте сол мейрам күні туылған перзенттерді атаған болса керек.
М.Әуезов 1927 жылғы тыйым салынған «Әдебиет тарихы» атты кітабында наурызды қосқан бір ескі өлең келтіреді. Ол сонау ХVІІІ ғасырдың батыры Шақшақ Жәнібек дүние салғанда кенже қызының жоқтауынан үзінді:
«Айналайын, әке-кем!
Неге бердің кедейге?
Қанша ақылды десең де
Кедейді кедей демей ме?
Байға берсең, әке-кем!
Қазысы қарыс айғырды,
Сүбесі сүйем қошқарды,
Ұлыс күні соймас па ем?
Тама сорлы тоймас па ең?
Жұп шырақ жағып қоймас па ем.
ХVІІІ ғасырдың Наурыздың болғанын қоштайтын тағы бір ақпарды Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлынан (1858-1931) табамыз: «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұқар мен Қоқанда да болмаған!» — деп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен». Ал Төле бидің өмір сүрген кезеңі қытай мен орыс деректері негізінде 1675-1760 жылдар болып тұр.
Наурыздың ХVІІІ ғасырда атап өтуінің тағы бір айғағы ретінде Кіші жүзге жататын Шақшақ Жәнібектің қызы әкесі дүние салғанда (1751 ж.) айтқан жоқтауы бола алады. Бұл жоқтау 1925 жылы «Таң» журналының № 4 және М.Әуезовтың 1927 жылы басылып кеңестік билік тыйым салған «Әдебиет тарихы» атты кітабында келтіріледі:
«Айналайын, әке-кем!
Неге бердің кедейге?
Қанша ақылды десең де
Кедейді кедей демей ме?
Байға берсең әке-кем!
Қазысы қарыс айғырды,
Сүбесі сүйем қошқарды,
Ұлыс күні соймас па ем?
Тама сорлы тоймас па ең?
Жұп шырақ жағып қоймас па ем?».
Осы жолдарға қарағанда Наурызда әруақтарға арнап мал сойып дұға оқытқан, шырақ жаққан.
Орыс деректерінде, біздің білуімізше, қазақтың жыл басы наурызда екені, наурыз айындағы күн мен түннің теңелген уақыт екені туралы алғаш мәлімет 1820 жылғы «Сибирский вестник» атты журналда басылған Г.И. Спасскийдің «Киргиз-кайсаки Большой, Средней и Малой орды» атты еңбегінде беріледі: «год называют урус (улыс болса керек- М.Қ.) и начинают его с равноденствия, бывающего в марте».
1896 жылы баспа бетінде жарық көрген А.А. Диваевтың «Месяца по киргизскому стилю с обозначением народных примет» атты мақаласында қазақтардың наурызды мерекелейтіні көрсетіледі: «… следует наурыз, т.е. первый день марта; с половины этого месяца начинается новый год, который почитается киргизским и мусульманским населением и празднуется»
Наурыз туралы құнды мәліметтерді Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) жазып қалдырды. «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурыздама. Ол күні қожаларға оқытатұғын, наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратұғын ол кітаптың атын: «Салдама» — дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Амин!» -деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айтқандай келіп халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады.
Мал сойып, наурыздама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып: «Ауылға татырамыз!» — деп, басын сақтап қояды. Байлардың бәйбішелері ірімшік пен майдан жасап, қарын-қарын жент сақтайды. Қыстыкүні: «Бұл жентіңізді қашан бастаймыз, бізге қашан бастайсыз, бізге қашан татырасыз? –деушіге: «Шырақтарым, әлі Самарқанның көк тасы жібігенде, бұл жент те өзі балқып, босайды. Сонда бастаймын! Осы күнде қайыршақтай қап-қатты пышақ өте ме? –деуші еді. Міне, мен осы жентті жасатып, дәл наурыз деген күні бастатып көрген кісімін. … Біздің қазақта: Ұлыстың ұлы күні» Наурыз.
«Елді, жұртты оңға бастаймын! Ілгері басуына, мал басы өсуіне тілеулес боламын!» — деушілер … осы Наурызды құрметтеп: «Ұлыстың ұлы күні» -аттандырып, той тамаша қылдыруға тырысуы керек» .
«Қазақ» газетінің 1913 жылғы шығарылымында Наурыз деген мақала бар. Онда Наурыз – қазақша жыл басы делінген. Осымен қатар қазақ даласында наурызды осы айдың әртүрлі күні тойланатыны туралы аңғаруға болады: «Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі». «Қазақ» газетінің 1915 жылғы шығарылымындағы «Оренбург 9 март» деген тақырыппен берілген мақала «Бүгін жыл басы наурыз» деп басталып аяғы «Наурызбен құттықтап, жаңа жыл жайлы болуын тілейміз» деген жолдармен аяқталады. Ал 1925 жылы басылған «Еңбекші қазақ» газетінің 22 наурызда шыққан санында бірінші бетте құттықтау беріліпті.
Наурыз туралы құнды мәліметтерді 1927 ж. М.О.Әуезовтың кітабынан табамыз. Онда құшақтасып көрісумен, жақсы тілектер айтумен, қазан көтеріп арнайы тамақ беруден басқа деректерде айтыла қоймайтын мына рәсімдер айтылды: «Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, көріскенде: «таза бақ, кел» деп, «Көш қайрақан, көш» деп аластау барлығы да сол заманның тілегі. Ескіліктің ізін сақтаған, ескі күнде аман болып, бүтін болып қалмай, сынып, жарылып қазаға ұшыраған нәрселер болса, оның бәрінде ескі күннің сарқыты қалуға мүмкін. Онда иесіне арнаған жаманшылық сөз сақталып қалуы лайық. Сондықтан кетік ыдыстар сындырылады. … Бұлардан басқа төрт көз итті өлтіру, моғал ошақ қазу болған». Мұндағы материалдар қазақтың наурыз мейрамында атқарылатын рәсімдер қатарын толықтырады.
Қорыта айтқанда, қазақтың Наурыз мейрамы туралы құнды мәліметтер ортағасырлардан бастап ХХ ғ. ортасына дейін кездеседі. Олардың қатарына шығыс деректерімен қатар Ресей зерттеушілерінің еңбектері, археологиялық жариялынымдар мен этнографтар жинаған материалдар, қазақ зиялыларының жазбалары жатады.
Мұхтар ҚОЖА
т.ғ.д., Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ-дың Құрметті профессоры.
Фотолар: www.google.kz