Шымкент қаласының әкімдігі мен «KazAeroSpace» компаниясы жоғары технологиялар аясында келісімге келді. ОҚО-да өткен «Шымкент қаласының жылу және ыстық су жүйесі: қазіргі жағдайы және даму перспективалары» форумы барысында меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Компанияның Бас директоры Бағлан Қазиев атап өткендей, бірқатар инновациялық жобаларды іске асыру мегаполистің ғылыми-техникалық потенциалы мен қолданыстағы энергетика саласын жетілдіреді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен транспорт саласын аэроғарыштық мониторинг арқылы дамытады.
«KazAeroSpace» компаниясының негізгі қызмет түрі- экономиканың түрлі салаларына жоғарғы технологияларды ендіру, отандық ғарыш технологияларын коммерциализациялау және IT технологияға мемлекеттік- жекеменшік серіктестік механизмін енгізу. Компания жобаларының ішінде — Алматы қаласының автоматтандырылған 3-D геоақпараттық жүйесін құру және Ақмола облысындағы жер қойнауын заңсыз пайдаланатын жер телімдеріне ғарыштық мониторинг жасау қарастырылған .
ФОТО: shymkent.gov.kz.