Ақпан айының екісі Сталинград шайқасының аяқталған күні. Қазақстанға ең жақын орналасқан майдан шебі Ұлы Отан соғысының тарихында басты шайқас болып жазылған. Неміс фашистері Сталинградқа 1942 жылдың шілдесінде шабуыл жасап, Кеңес әскерлері 1943 жылдың ақпанында азат етті. Содан бері арада 75 жыл өтіпті.
Сталинград шайқасы екінші дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастардың бірі. Оның ұзақтығы, қан төккен жауынгерлер саны мен әскери техникасы жағынан тарихтағы ұлы шайқастардың бәрінен де асып түседі. Елімізге ең жақын орналасқан Сталинград қаласына 1942-де шабуыл жасалғанда, Кеңес әскерлері табан тіресті. 200 күн мен түнге созылған шайқас 1943 жылдың 2-ші ақпаны күні Кеңес әскерлерінің Жеңісімен аяқталған еді. Қантөгіс көп болған қала бүгінде Волгоград деп аталады. Батыр қалаға «Айғақ» телеарнасының шығармашылық ұжымы 2013 жылы арнайы барып, көрерменге тарихи қала туралы бағдарлама ұсынды. Арада екі жыл салып, 2015-тің наурыз айында тағы бір рет барып деректі фильм жасады. Оңтүстіктен барған бір топ делегация сол кезде Сталинград шайқасына қатысты ақпараттарды анықтап, соғыс болған жерлерде жүріп қайтты.
Дәл осы Сталинград қаласын қорғағаны үшін 112 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оның төртеуі қазақстандықтар. Олар: ұшқыш Нүркен Әбдіров, полк командирі Тимофей Позолотин, взвод командирі Ғаяз Рамаев және минометші Қарсыбай Сыпатаев. «Айғақ» телеарнасының басшысы бастаған шығармашылық топ бабалар қорғаған қаһарман қалаға барған сәтте Нүркен Әбдіров пен Қарсыбай Сыпатаев қаза тапқан жерде болып, тақтайша белгісін орнатып кеткен болатын. Волгоград қаласы батырлардың ерлігін мәңгі есте сақтау үшін Мамай қорғанында мемориалды кешен салынып, алып ескерткішпен есте сақталып тұр. Бара қалсаңыз ержүрек ерлеріміздің есімін оқып, музейден тарихи деректерін көзбен көресіз.
Қазақстан мен Сталинград шекарасының арасы 500 шақырым. Егер жау бұл қаланы басып алғанда, қауіп біздің елге де төнер еді. Бірақ кеңес Әскерлері бұл бассыздыққа жол бермей, еліміз бен жерімізді фашистің қаһарынан аман алып қалды. Сталинград шайқасындағы Жеңіске биыл 75 жыл толып отыр. Кеңес Одағы үшін соғысқан жауынгерлердің 1 миллионнан астамы осы қала түбінде қаза тапты. Ар мен намысты ту еткен батырлар рухына кейінгі буын біздер бас иіп, ерліктерін есте сақтаймыз!
Бағлан Байкөбекқызы.