Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 2018 жылдың 31 қаңтарында өткен Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаевтың халық алдындағы есеп беру жиынына қатысты. Сайрам ауданының тұрғындары облыс басшысының жиынға келуін пайдаланып, бірқатар ауданда орын алған өзекті мәселелер туралы ашып айтты.
Есепте жер туралы мәселе көтерілді: тұрғындар меншіктеп алған кәсіпкерлер жайылым жерлерді толық пайдаланбауына наразылық білдірсе, жер учаскесіне тұрғын үй салудың мерзімін ұзартуды сұрады. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сайрам ауданындағы жер мәселесіне қатысты проблемалардың біраз жылдан бері өзекті екендігін, бұл мәселені шешу үшін арнайы комиссия құру керектігін, комиссияның құрамына аудан депутаттары мен арыз иелерін енгізу, комиссияның жұмысына қатыстыруын айтты. Сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттарына осы мәселені қадағалап, қолданыстағы Заңға сәйкес шешуді сұрады.
Сайрам ауданының тұрғыны Марапат Абдуллаева Қарабұлақ ауылындағы мектепте оқитын қызын 2013 жылы ұрып-соққан сыныптастары мүгедек етіп, кінәлі адамдар 5 жылдан бері қылмыстық жауапкершілікке тартылмағандығы туралы айтты. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі Ж.Түймебаев Сайрам ауданының ІІБ бастығына Заңға сәйкес мәселені жуық арада шешуді және Марапат Абдуллаеваның өтінішін толық қанағаттандыруды тапсырды.
Жиынға қатысқан тұрғындар 400 ШРП-дан тасымалданатын табиғи отынның құны негізсіз есептелгені туралы айтып берді. Осыған сәйкес, облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы газ мекемесінің аймақтағы басшысына сұрау салған кезде, сала басшысы көгілдір отынның бағасын қайтадан есептеп, Заңға сәйкестендіретінін айтты.
Жиын соңында облыс басшысы Сайрам ауданының қалай дамитындығына тоқталып, басқосуда көтерілген мәселелерді қадағалауға алатындығын және ол бойынша жазбаша түрде тиісті тапсырма беретіндігін хабарлады. Сайрам жұрты аудан әкімінің есебіне бағасын бере отырып, жиынға арнайы келген облыс басшысына ризашылығын білдірді.