Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Әділет министрі Марат Бекетаев сот сараптамасы моделін өзгерту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.
“Министрлікке сот сараптама қызметін реформалау міндеті қойылған: әлемнің ең үздік тәжірибелеріне сәйкес және жаңғыртылған құқықтық жүйенің басты элементі болуы тиіс. Себебі, іс бойынша шынайы фактілерді анықтау сараптама қорытындысының сапасына тікелей байланысты. Сондықтан құқықтық мемлекет орнатуда сот сараптамасы институтының рөлі ерекше”, — деді министр.
Ол сот сараптамасы саласында бірқатар қиындық барын жасырмады. Мұның салдарынан сараптама қорытындысын ұзақ күтуге тура келеді, сонымен қатар олардың сапасы төмен деңгейде болып отыр.
“Сарапшылар қорытындыларында жиі қарама-қайшы қорытындылар кездеседі. Қазақстанның тәжірибесінде сараптама нәтижелері анықталған соң оны енгізудің орнына қоғамда теріс резонанс тудырған жағдайлар болған. Сонымен бірге сараптама қызметіндегі сыбайлас жемқорлықтың жоғары қаупі жағдайды қиындата түседі. Өзінің жеке пайдасы үшін сарапшы пікіріне әсер етуді қалайтындар әрдайым болатыны белгілі”, — деді ол.
Министр сарапатама жүйесіндегі дағдарыс себептерін атап өтті.
“Төмен жалақы, әлсіз инфрақұрылым, біліктіліктің төменділігі, кәсіби кадрлардың жұмыстан кетуі — сот сараптама қызметіндегі дағдарысқа әкеп соғады. Мәселені шешу үшін қаржыландыруды арттыру керек. Алайда оңды жұмыс істейтін модель болмаса кез келген қосымша қаражаттың өзі тиімді болмай қалады. Осыған байланысты Әділет министрлігі сот сараптамасы моделін өзгерту туралы күрделі шешім қабылдады. Қайта жаңғыртудың мәні — жаңа меxанизмдер құру және ескіні өзгерту”, — деді министр.
Дереккөз: baq.kz